1 мамыр туралы қызықты деректер

1 мамыр – Қазақстан халқы үшін бірлік күні. Жарқын, шуақты, мерейлі мерекелердің бірі.

Бұл күн әлемнің әр елінде әртүрлі тойланады. Ең үлкен мереке – Еңбеккерлердің халықаралық ынтымақтастық күні. Қазақстандағы бірлік күнінің мәні де осыдан шығады.

Еңбек пен көктем мерекесі Кеңес одағында айтулы мерекелердің бірі болған. Кеңес адамдары сүйіп қарсы алатын жылы, шуақты күндердің бірі еді.

Еңбек мерекесінің тарихы 1886 жылдан басталады. Сол жылы 1 мамыр күні Чикаго қаласында Америка жұмысшылары жаппай ереуілге шықты. Жұмыстың қиындығынан әбден қажыған азаматтар бірнеше күн ереуілде жүрді. Олар жұмыс уақытын 12 сағат емес, 8 сағат болуын талап етті. Полиция қызметкерлері мен ереуілшілердің арасында қанды қақтығыс болып, жергілікті газеттердің деректеріне қарағанда, 50 адам көз жұмған. Құқық қорғау органдары жұмысшыларды басып шаншып, ереуілді тоқтатқандай болды. Бұл күн АҚШ тарихында таңба болып қалды.

Кейін екі жылдан кейін, 1889 жылы Париж конференциясында Екінші интернационал басшылары бұл күнді мереке деп танып, жұмысшылардың ереуілге шығып, талап қоятын күні деп бекітті.

Еңбеккерлердің халықаралық ынтымақтастық мерекесі алғаш рет 1890 жылы Аустра-Венгрия, Бельгия, Германия, Дания, Испания, Италия, АҚШ, Норвегия, Франция, Швеция елдерінде аталып өтілді.

Ал КСРО-да 1917 жылы өткен төңкерістерден кейін, билік басына жұмысшылар табы келіп, 1 мамырды мереке деп бекітті. Ал 10 жылдан кейін 1 мамырға демалыс берілді.

Айта кеткен жөн, 1 мамыр күні өтетін жұмысшылардың ереуілі Патшалы Ресей кезінде де болған. Олар да жұмыстың қиындығы мен ауырлығына шағымданатын. Кейбір өндіріс орындарында 100 адамға дейін жиналып, полициямен қақтығысқан.

Кеңес кезінде еңбек пен жұмыс культке айналғандықтан, 1 мамыр кеңес адамдары үшін үлкен мәні мен маңызы бар мерекеге ұласты. Бірінші мамырды жақсылыққа балап, көп күтетін.

Мерекенің танымал болғаны соншалық – балаларға «Первомай» деп ат қойылып, елдімекендерге «Первомай» деп атау берілді. «Первомай» деген елдімекен, ауыл атауын бәріміз естіген болармыз. Сол жылдары сәбилерге Даздраперма деген есім жиі қойылған. «Да здравствует первое мая» тіркесінің қысқаша нұсқасы, яғни, «Бірінші мамыр жасасын» дегенді білдіреді.

КСРО құлағаннан кейін бұл мереке Ресейде Еңбек пен көктем күні деп өзгертілді. 1992 жылдан басталған жаңа мереке Ресейде әлі тойланады.

1 мамыр мерекесінің тууына АҚШ елі мұрындық болғанымен, қазір бұл мереке бұл мемлекетте жоқ. Жұмысшылардың кәсіби мерекесі бар, ол қыркүйек айының алғашқы дүйсенбісіне қойылған.

Әлемнің 142 мемлекеті 1 мамырды жұмысшылар күні деп атап өтеді. Олардың арасында Африка елдері де бар: Зимбабве, Замбия, Нигерия. Басында әлем елдерінде 1 мамыр жұмысшылардың төңкерісі, таптық бөлініс, таптық күрес ұғымдарымен мәндес болатын.

Кейін келе ауыл шаруашылық пен өндіріс, ғылым саласындағы жетістіктерді таныстыратын мерекеге, ал қазір табыс пен еңбектің шуақты белгісіне айналды.   

1 мамыр жайлы басқа да қызықты деректер жетерлік. Мәселен, 1 мамыр – Гавай аралдарында Ұлттық би күні. Ал Парижде Інжугүл мерекесі.

Бөлісу: