Бұрынғы парсылар – қазіргі Иран жұрты

Бұрынғы парсылар – қазіргі Иран жұрты
Фото: yandex.kz

Тарихта аты өзгерген ел, халық пен қауым аз болмаған. Қазіргі Қазақстанның да бұрынғы атауы – Қазақ хандығы, оған дейін Алтын Орда, Жошы ұлысы, Қараханид мемлекеті, Түркі қағанаты болғаны белгілі. Мұның бәрінде бір халық өмір сүргенімен, кейін олар бөлініп бөлек ұлт пен ұлыс болып қалыптасты.

Алайда мыңдаған жылдық тарихы бар Парсы мемлекетінің тағдыры өзгеше. Бұл халық тарихта ірі мемлекет құра білген қауым. Көне заманда Мидия атанған қуатты мемлекет те осы – парсылардікі. Сақ жеріне екі дүркін қалың қолмен аттанып, Орта Азияны бағындырмақ болған да осы – парсылар. Сақ патшайымы Тұмар ханшайымның әскерінен жеңілген Кир патша мен Шарық есімді жауынгерден алған Дарий патша да – тарихта қалған атақты парсы көсемдері.

Қазақтар кейінгі парсыларды қызылбас деп атаған. Қалай десек те, парсылар – көне дәуірден бүгінгі күнге дейін мықты, қуантты, держава ел құра білген айбынды халық.

Бірақ неге тарихта жаужүрек парсы атауымен қалған бұл халық қазір өзін Иран мемлекетіміз деп атайды?

Қазір тек географияда Парсы шығанағы деген атау ғана қалды. 

Парсы елі 1935 жылы ресми түрде мемлекет атауын өзгертіп, Иран деген атауға көшті. Бірақ «парсы» атауы әлем тілдерінің көбінде сол күйінде сақталып қалғаны рас, «парсы кілемі», «парсы мысығы» деген атаулар таныс болар.

Ал бұл қауымның «парсы» атауынан бас тартуына тарихи санасы себеп болды. Өйткені парсылар өздерін «парсы» деп емес, «арийдің ұрпағымыз» деп санайды. Ал оларға парсы атауын беріп, айдар таққан көрші қауымдар болатын. Солардың бірі – гректер. Грек тарихшысы Геродот «Тарих» кітабында арий қауымын «парсы» деп атаған. Парсылар мен гректер ұзақ жыл соғысқан елдер. Бұл атаудың парсыларға ұнамасы хақ. 

Бірақ қазіргі арий ұрпағының ойынша, «парсы» атауы бүкіл елдің тарихы мен мәдениетінен хабар бере алмайды, парсы деген Иранда тұрып жатқан халықтардың бірі ғана. Ал олардың барлығы бір текке – арий тегіне келіп тіреледі. Сондықтан мемлекетке «Арий жері», «Эран» деген мағынамен ұқсас «Иран» деген атауды қоюды жөн санаған.

Басында мемлекет атауы өзгерген кезде, жергілікті халық қарсы болған. Кейін иран шахы 1959 жылы «Иран» мен «Парсы» атауын тең дәрежеде қолдану жөнінде үкім шығарады. Екі атаудың мәртебесі теңескендей болды. Бірақ уақыт өте келе шағын әрі айтуға жеңіл «Иран» атауы басымдық ала бастады.

Былайша айтқанда, қазіргі парсылар «өзгелердің» таққан атауынан бас тартып, тарихи деректі қалпына келтіргендей болды. Бұрын патшалы Ресей қазақтарды «қырғыздар» деп атағанын ұмытпаған жөн. Бұл да соған ұқсас оқиға.

Қ. Слямбек