Ұялы телефондағы мәліметтерді қорғау

Ұялы телефондағы мәліметтерді қорғау
Фото: sndeep.info/

Ұялы телефонға өзіңізге қатысты көп ақпаратты сақтайсыз ба? Интернет банкинг арқылы жұмыс істейтін болсаңыз, несие картаңыздың нөмірі немесе түрлі әлеуметтік желідегі аккаунттарыңыздың кұпия сөздерін сақтауыңыз әбден мүмкін. Бірақ, сіз дұрыс қорғану жолын білмесеңіз, құпия құжаттарыңызды жоғалтып аласыз.
Қорғану үшін не істеу керек?

1. Операциялық жүйеңізді жаңартыңыз.
Ескі операциялық жүйелердің орнын жаңасымен бірден ауыстыруды әдетке айналдырыңыз. Жаңа жүйеде алдыңғы нұсқада жіберілген қателіктермен жұмыс жасалғаны анық. Сондықтан, егер ұялы телефоныңыздың бағдарламасы автоматты түрде ауыспаса, өзіңіз жаңартқаныңыз дұрыс.

2. Бағдарламалардың жаңа нұсқасын орнатыңыз.
Ұялы телефоныңыздағы бағдарламалар автоматты түрде жаңара бермейді. Сондықтан, оларды да уақытылы ауыстырып отырыңыз. Жаңа нұсқасының қорғанысы мықты болатынын ұмытпаңыз.

3. Кез келген нәрсені жүктей бермеңіз.
Мамандар белгілі бір ойындарды, бағдарламаларды жүктеу барысында оны құрастырушыларға аса мән беріп, мұқият болған дұрыс дейді. Әсіресе, тегін бағдарлама болса, сақ болыңыз. Сонымен қатар, ұтыс ойындарын ойнататын сайттарға өтуден аулақ болыңыз.

4. Wi-Fi және Bluetooth қызметтерін өшіріп тастаңыз.
Қолданбасаңыз, Wi-Fi секілді қызмет түрлерін өшіруді ұмытпаңыз. Мұндай желілер арқылы сізге қатысты жеке мәліметтерді бұзу оңайырақ.  

5. Мәтінді хабарламаларға назар аударыңыз.
Егер белгісіз біреу сізге «спам» хабарламалар жіберсе, бірден өшіріп тастаңыз. Тіпті, танысыңыздан «дауыс бер» немесе «сауалнама толтырып, жеңіске жет» деген мәтінді хабарламалар келсе, одан құтылғаныңыз абзал.

6. Құпия сөздеріңіз күрделі болсын.
Құпия сөзіңіз неғұрлым жеңіл болған сайын, сіздің мәліметтеріңізді бұзатын адамдар қатары соғұрлым көп болмақ. Туған күніңіз немесе "123456..." деп жалғасын табатын сандар тізбегі мен әріптер қатарын қолданудан аулақ болыңыз.  

7. Қашықтан байланыс бағдарламасын жүктеңіз.
Ең атақты мобильді екі платформада «Android бағдарламасын қашықтан басқару» және «iPhone құрылғысын табу» секілді бағдарламалар бар. Егер сіз ұялы телефоныңызды жоғалтып алсаңыз, олар сізге алған адамның мекенжайын анықтап, ұялы телефоныңыздағы жеке мәліметтерді өшіріп тастауға мүмкіндік береді.

8. Аккаунтыңыздан шығуды ұмытпаңыз.
«Құпия сөзді сақтау» арқылы белгілі бір сайттар мен жүйелерде қалғанша, әркез құпия сөзді енгізіп, қауіпсіз аймақта қалғаныңыз тиімді болмақ.

9. Қоғамдық Wi-Fi қолданысынан сақ болыңыз.
Құпия сөзі жоқ ашық желі нүктесі – «желі қылмескерлерінің» сүйікті ісі. Кез келген қоғамдық Wi-Fi арқылы қастық ойлаушы сіздің телефоныңыздағы бар ақпаратты біле алады.  

Ұялы телефонды бұзып алу бүгінде жаңалық емес. Бірақ, оның алдын алу шараларын көп адам елей бермейді. Сақ болыңыз!

Т. Есқали