Гаджеттерді қолдану әдебі

Гаджеттерді қолдану әдебі
Фото: http://www.nanomaniy.ru

Қолымызға ұстап алып, күні бойы телміріп отыратын смартфондармен қонаққа барғанда, мейрамханада да, тіпті қоғамдық көлікте де арамыз бір ажырамайды. Бірақ, телефонға телміре беру, селфи жасай беру ақылға қонымсыз. Оны қолданудың да өзіндік әдебі бар.

Дастарқан басында отырып хабарлама жазысып, телефонмен сөйлесуге бола ма?

Жаңа ортаға барған сәтте адамдар өздерін қалай ұстауды білмеген соң, телефонын қолына алады. Онда бітіретін ешқандай шаруа болмаса да, телефондағы жаттанды суреттерін тағы бір мәрте қарап шығады. Неге? Шарасыздықтан осындай қадамдарға барады.

Зерттеуші Джемерия Тауэр бір сөзінде: «Сіз телефонға қараған сәтте өзіңізді ыңғайсыз сезінуіңіз басылмайды немесе басқа адамдарға қыруар тірлігі бар адам ретінде әсер қалдырмайсыз. Тек ол сіздің байланыс жасауға қауқарсыз екеніңізді көрсетеді», – деген болатын.

Үстел басында ұялы телефонды қалай қолдану керек?

• Қалтаңыздан ұялы телефонды шығарып, экранын үстелге қаратып қойыңыз. Келген хабарламалар, ескертулер сізді айналаңыздан алшақтатпауы тиіс.

• Маңызды қоңырауды күтіп отырған болсаңыз, бірден үстелден көтеріліп, жүгіре жөнелмеңіз. Телефонмен бастарқан басында дабырлап сөйлеспеңіз. Кешірім сұрап, сыртқы бөлмеге шыққаныңыз дұрыс.

• Егер қоңырау күтпесеңіз, дыбыссыз режимге қойыңыз.

• Хабарлама жазбағаныңыз да орынды болар еді. Өйткені, осы қылығыңызбен айналаңызға бұл кеш сізге қызықсыз болып жатқанын анық көрсетіп қоясыз.

Тамақты суретке түсіруге бола ма?

Тамақты суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктемес бұрын мына сұрақтарға жауап беріңіз:

• Суретке түсіремін деп өзгелерге қолайсыздық тудырмайсыз ба?

• Суретті біреулердің қызғанышын ояту үшін немесе ықыласына ие болу үшін жасап отырған жоқсыз ба?

Егер бұл сұрақтардың жауабы сізді ұятқа қалдырар болса, тамақты суретке түсіруді ұмытуыңызға болады.

«Гуглден қарашы»?!

Интернет пайда болмас бұрын пікірталастар ұзаққа созылатын. Әркім өз пікірін еркін айтып, өмірлік тәжірибелерді мысалға алатын.

Қазір ше? Ең қысқа жауап: «Гуглден қарашы».

Бірақ мынаны есіңізде сақтаңыз: тез табылған жауап әңгімені тұншықтырып тастайды. Тақырыпқа қатысты ешкімнің пікірі айтылмайды. Адамның жеке көзқарасы деген ұғым ұмыт болады әрі сұрақтың жауабы есіңізде ұзақ сақталмайды. Өйткені, сіз ізденген жоқсыз!

Смартфон өмірімізді неғұрлым жеңілдетсе, соғұрлым қиындықтарды да бірге ала келді. Жалғыздық, қоғамнан қорқу, тәуелділік секілді түсініктерді қалыптастырды. Оны қолдану әдебін  дұрыс сақтасаңыз, өміріңіз естеліктерге толы болар ма еді?!

Т. Есқали