Google сізді аңдып жүр

Google сізді аңдып жүр
Фото: http://gagadget.com

Сіз мына әлемнен жасырын өмір сүремін деп ойламаңыз. Өйткені, Google сізді аңдып жүр. Қалай деймісіз?

– Іздеу жүйесі

Сіз іздеген әр ақпаратқа негіздеп, Google сіздің келбетіңізді өзінше құрастырады. Тіпті сіз тіркелу барысында аты-жөніңіз бен ұялы телефоныңызды жазбасаңыз да, IP адресіңіз бен геобелгілерге қарап сіз туралы ақпарат жинап алады. Есте сақтаңыз, қандай жасырын бағдарламаны орнатсаңыз да, ол тек хакерлерден басқа адамдар үшін жасырын болып қалады. Ал, іздеу жолағына «Бақыт деген не?» деп жазғаннан кейін, «Enter» батырмасын баспасаңыз да, Google бәрібір бұл ақпаратты тіркеп алады.

Электронды поштаңыз

Gmail электронды поштасын қолдансаңыз, ол сіз туралы кез-келген ақпаратты сақтайтынын естен шығармаңыз. Сізге келген хабарламалардың да көшірмесі әрдайым сақталады. «Delete» батырмасын басып, Google іздеу жүйесін алдадым деп ойласаңыз, қателесесіз – серверіндегі хабарламаның ешқайсысын жою мүмкін емес.

– Әлеуметтік желілер

Қандай да бір әлеуметтік желелерге тіркелу арқылы, Google сіздің өміріңізге еніп алады. Осы тәсілді қолданатын Facebook желісінің өзі Googlе+ жанында түкке тұрмайтын болып қалары сөзсіз.

YouTube

Операциялық жүйелерді терең қазба деп алсақ, YouTube құдық болары сөзсіз. YouTube 2006 жылдан бастап Google-дің мега жобасына  айналған. Сіздің қызығушылығыңыз бен сіздің іс-әрекетіңізді YouTube арқылы бақылайды. 

– Google Analytics

Көптеген интернет сайттар өзіндік сараптама жүргізу барысында Google құрылғыларын пайдаланады. Сайт оқырмандары бұдан хабарсыз болуы әбден мүмкін. Бірақ, Google Analytics сайтқа кірген әр адам туралы ақпаратты лезде жинай бастайды. Сіз – қармаққа іліндіңіз!

– Google AdSense

Веб-сайттардың табыс көзі – жарнамалар. Ал, жарнамалардың барлығы бір жүйеге негізделіп жасалады. Егер қызықтырған жарнама тақтасын басып, тек керекті дүниені қараймын деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені, сіз Google құрған тұзаққа тағы іліктіңіз. 

–Google Street View және Google Maps

Google әр күн сайын әлемнің 48 еліне еркін саяхат жасап, мыңдаған километр жол жүреді. Әрине, жай саяхаттап қана қоймай жолында кездескен ғимараттарды жақсылап тұрып суретке түсіреді. Google Maps туралы өзіңіз жақсы білетін шығарсыз. Ол тіпті сіздің GPS қосулы тұрғанда, сіздің орныңыздың координаталарын жазып бере алады. Осылайша, сіз ешкімнен жасырына алмайсыз.

Сондықтан, мені ешкім байқамайды деп өрескел әрекеттер жасап, орынсыз сөйлесеңіз кез-келген шақта сізге сот залынан шақырту қағазы келуі мүмкін. «Сақтансаң сақтаймын», – дейтін қазақ үшін сақтық шаралары артық етпейді.

Т. Есқали