- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Жолы болған миллионер...
Жолы болған миллионер
Марк Цукербергтің әлеуметтік желісі қазіргі жетістігіне дейін әртүрлі қиындықтарға тап болған. Компанияға инвестиция салудан бас тартқан бизнесмендер қазір өкінетіні рас. Себебі осыдан 11 жыл бұрын Гарвард университетінің жатақханасында құрылған интернет платформаның IPO-дан кейін 100 миллиард АҚШ долларына бағаланатынын ешкім де ойламаған. Ал Дэвид Чо есімді америкалық граффити-суретшінің бұл нарық ойынында жолы болған.
Жоғарыда айтқанымыздай, Facebook компаниясының нарықтағы құны осыдан үш жыл бұрын $100 миллиардқа бағаланған. Нәтижесінде оның тіпті ең аз көлемдегі акциясын иеленгендердің өзі де миллионер болып шыға келген. Солардың бірі америкалық суретші Дэвид Чо болатын.
Калифорния штатының қарапайым тұрғыны Дэвид Чо 2005 жылы енді дамып келе жатқан Facebook компаниясының Пало-Альтодағы кеңсесінің қабырғасына сурет салады. Сол кездегі компанияның президенті Шон Паркер оның еңбек ақысының орнына $1 000 құнындағы компания акциясын ұсынады. Себебі компанияның қарапайым суретшінің ақысын төлеуге қаржысы болмаған. Суретші Facebook идеясын ақылға қонымсыз деп санаса да, амалсыз акцияны алады. Ал қазір оның акциясы 200 миллион АҚШ долларына бағаланады.
Дэвид Чо командасы Facebook компаниясының қазіргі тапсырыстарын да орындайды
Facebook акциясы тәуекелге бас тіккендерге табыстың кілті болғаны белгілі. U2 тобының Боно есімді әншісі Facebook стартапына өзінің Elevation Partners атты венчурлы фирмасының атынан $120 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құяды. Қазіргі таңда оның құндылығы Бононың венчурлы компаниясының бағасынан да асып түскен.
Ж. Өрісбай