Теледидардың пайдасы туралы төрт дерек

Теледидардың пайдасы туралы төрт дерек

Техас университетінің коммуникация факультетінің профессоры Шон Хоран теледидардағы кейіпкерлердің қарым-қатынасы сіздің адамдармен байланысыңызды көрсетеді деп есептейді. Профессор әр сөзі дәлелді болу үшін шетелдік телекөрсетілімдерді ұсынған. Ал біз осы орайда сәл өзгеріс енгіздік. Шетел көрсетілімдері орнына өзіміздің отандық бағдарламаларды мысал етеміз.

Реалити-шоу: бірлікке тәрбиелейді

Зерттеушілердің пікірінше, реалити-шоудан басқа ешқандай бағдарлама адамдардың топ болып, бірігіп, жауапкершілікті сезіну қасиетін арттыра алмайды екен. Бұрын «Еларнадан» көрген «Шіркін, life!» реалити-шоуын есімізге түсірейікші. Бұл жерде жеңіске жалғыз емес, жұмылып жұдырық болғанда ғана оңай жететініңізді ұғынып, ұжымдық бауырмалдылықты сезінесіз.

Мультфильмдер: сөйлесуге үйретеді

Қазіргі таңда отбасылық мультфильмдер көптеп шығуда. Сюжеті қарапайым өмірден алынып, бір отбасының оқиғасын көрсететін мультфильмдерді жиі көргеніңіз пайдалы. Мұнда айналадағы жақындарыңызбен сөйлесу этикеттерімен таныса аласыз. Әйткенмен, "Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен" деген аталы сөзді ескерген профессор Шон Хоран «Суретпен салынған адамдардан үлгі ал, бірақ өмірден алынған артық кеткен шындықтардан аулақ бол», - дейді.

Сериалдар: психоаналитиктің қызметін атқарады

Агрессияға толы кейбір бағдарламалар адамға психологиялық тұрғыда қатты әсер етеді. Ал өмір туралы түрлі жақсы сюжетпен түсірілген сериалдар адамның көзқарасын қалыптастырады. Мысалы, отандық «Ағайындылар», «Қара шаңырақ» секілді сериалдардағы диалогтардан кейіпкерлердің бір-біріне деген көзқарасын көре аласыз. 

Комедия: ащы шындық

Әдетте, күнделікті тірліктен алынған небір оқиғалар сізге өте күлкілі көрінері хақ. Егер кейіпкер сіз көріп жүрген оқиғаны дәл жеткізе алса, сізді күлкіге қарық қылары да рас. Профессор Хоранның айтуы бойынша, фильмдегі күлкілі сәттің көптігі емес, сол сәттің қалай берілуі маңызды. Кинодағы кейбір шындықтар көрерменнің көңіліне тимесі үшін астарлы күлкімен жеткізіледі. "Сол тұста көрерменнің езуіне күлкі жиылары рас" деп есептейді ғалым. Еліміздегі әзіл-сықақ театрларының қойылымдары сөзімізге дәлел болады.

Сурет: hdclub.ua, im4.asset.yvimg.kz, upload.wikimedia.org, ertegiler-aleminde.ru

Е. Жұмабайұлы