Каспийде құстар жаппай қырылды: алдын ала себебі айтылды

Баутино және Аташ ауылдарындағы балықшылар 160-қа жуық құстың өлексесін тапты. Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Тұрғанбай Шапағатов жабайы құстардың жаппай қырылуының алдын ала себебін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Куәгерлер өлі құстардың өлексесін видеоға түсірді. Арнайы мамандар құстардың өлексесін зерттеп, адамдардың қатысы жоғын анықтаған.

"Бұл құс Қызыл Кітапқа енбеген. Біздің алдын ала болжамымыз бойынша, құстар экологиялық жағдайға байланысты қырылып қалған, адамдардың қатысы жоқ. Зерттеудің нақты нәтижесі шықса, міндетті түрде хабарлаймыз.  Осы жағдай екі-үш күн бұрын болған қатты дауылмен байланысты болуы мүмкін", - деп түсіндірді Тұрғанбай Шапағатов.

Журналистердің айтуынша, Каспий жағалауында құстардың жаппай қырылуы бірінші рет болып отырған жоқ.