Қазақстандық мұғалім Apple компаниясының оқытушысы атанды

Қазақстандық мұғалім Apple компаниясының оқытушысы атанды
Фото: ©REUTERS

Қазақстандық мұғалім Apple компаниясының оқытушысы атанды, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин Apple компаниясының Swift бағдарламалау тілі бойынша сертификатталған оқытушысы атанды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің педагогі Қуаныш Мағауин Apple курстарынан өтіп, емтихандарды сәтті тапсырған. Ол қазақстандық мұғалімдер арасында бірінші болып сертификат алды. Қуаныш Германия, Ирландия, БАӘ, Мысыр, Үндістан және басқа да елдердің педагогтерімен бірге оқыған. Apple компаниясы оқытушыларға арналған Apple Certified Trainer курстарын жыл сайын өткізеді.

Енді информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин әлемнің үздік әзірлеушілері білім саласындағы жаңа жобаларын таныстыратын Apple Education эксклюзивті іс-шараларына қатыса алады.

"Бүгінде Қазақстанда IT-индустрия, соның ішінде білім беру саласында да қарқынды дамып келеді. Біз электронды оқулықтар мен күнделіктер қолданатын, сондай-ақ емтихандар мен олимпиадаларды онлайн форматта өткізетін санаулы елдердің қатарындамыз. Apple курстарында Swift бағдарламалау тілі арқылы мобильді қосымшаларды әзірлеудің негіздерін үйрендік. Тәлімгерлер дәрісті ағылшын тілінде өткізді. Менің тобымда негізінен қосымшаларды әзірлеуде мол тәжірибесі бар IT-мамандар оқыды. Ал мен топтағы жалғыз мұғалім болдым. Барлық емтиханды тапсырып, Apple оқытушысы мәртебесін алғаныма қуаныштымын. Алда мектепте оқушыларға арналған мобильді қосымшалар әзірлеу бойынша курстар өткізіп, әріптестеріммен алған тәжірибеммен бөлісуді жоспарлап отырмын", - дейді информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин.

Педагог Қуаныш Мағауиннің арқасында Apple Authorized Training Center for Education (AATCE) мәртебесі өзі жұмыс істейтін мектепке де берілген. Енді елордадағы республикалық физика-математика мектебі Swift қосымшасын жасау бойынша курстар өткізіп, оқушыларға сертификат беріп, оқу орнында Apple classroom зертханасын аша алады.

Ж. Қадыржанова