Қазақстан мобильді интернет-трафигін пайдалану бойынша бірнеше елден алда тұр

Қазақстан мобильді интернет-трафигін пайдалану бойынша бірнеше елден алда тұр
Фото: ©РИА Новости

Қазақстан мобильді интернет-трафигін пайдалану бойынша Түркия, Сингапур, Италия, Бельгия және басқа да елдерге қарағанда әлдеқайда жоғары тұр, - деп хабарлайды ranking.kz.

Елімізде интернет құны төмен. 2022 жылдың басында бүкіл әлемдегі интернетті қолданушылар саны 4,9 миллиард адам болған, бұл әлем халқының үштен екісі бүкіләлемдік интернетке қосылған дегенді білдіреді. 10 жыл ішінде қолданушылар саны 2,2 еседен аса деңгейге өскен.

Әлемде интернетті қолданушылар саны артуымен қатар, пайдаланылатын трафик көлемі де артады. 2022 жылғы бірінші тоқсанда  интернет-трафикті тұтыну бір қолданушыға 11,781 гигабайт, ал 2021 жылғы төртінші тоқсанда 9,885 гигабайт болған.

Мобильді интернет-трафикті тұтыну деңгейі Қазақстанда да шарықтап кеткен. Мысалы, 2021 жылы Beeline желісінде бір қолданушыға шаққандағы деректер трафигінің көлемі үштен бірге өскен. 2021 жылғы төртінші тоқсанда оператордың деректері бойынша тұтынылатын трафик көлемі бір қолданушыға 14,1 гигабайтқа жеткен, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 28,2 пайызға артық. Kcell бойынша 2021 жылғы төртінші тоқсанда 2020 жылмен салыстырғанда 18,3 пайыз болған, яғни бір қолданушыға 11,6 гигабайтқа дейін жеткен.

Қазақстандағы көресеткіш әлем бойынша орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Еліміз мобильді интернет-трафикті ең көп тұтыну көлемі бойынша ТОП-15-ке кіреді. Осылайша, 2021 жылғы төртінші тоқсан қорытындысы бойынша Қазақстанда бір қолданушыға шаққанда мобильді интернет-трафикті тұтыну деңгейі 14,4 гигабайт болған, бұл орташа шектен 46 пайызға артық. Сонымен қатар, бұл көрсеткіш Түркияда 13,6 гигабайт, Сингапурде 13 гигабайт, Италияда 12 гигабайт, Бельгияда 5,4 гигабайт болған.

Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1 гигабайт интернет-трафиктің орташа бағасы 110,5 теңге болған, бұл 2020 жылға қарағанда 9,7 пайызға төмен.

Сонымен қатар, дауыстық хабарлама минуттарының құны да төмендеп жатыр: 2021 жылы көрсеткіш орта есеппен 1,19 теңге, 2020 жылы 1,2 теңге, 2019 жылы 1,34 теңге, 2018 жылы 1,41 теңге болған.

Ж. Қадыржанова