Науқас қайтыс болған: Атырау облысында екі дәрігер сотталды

Науқас қайтыс болған: Атырау облысында екі дәрігер сотталды
Фото: © pixabay.com

Атырау облысында кәсіби міндетін дұрыс орындамаған екі дәрігер сотталды. Алайда сотталушылар рақымшылыққа байланысты негізгі жазадан босатылған, - деп хабарлайды "Мой ГОРОД".

Істі Құрманғазин аудандық соты қараған. Айыпталуышлар - жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері мен анестезиолог-реаниматолог. Оларға кәсіби міндетін тиісінше орындамады деген айып тағылған, салдарынан абайсызда адам өлген. Тергеу мәліметінше, олар 2020 жылы 29, 30 және 31 желтоқсанда пневмония және қант диабеті диагнозымен түскен науқасқа тиісті медициналық көмек көрсетпеген.

"Дәрігерлердің кәсіби міндетіне немқұрайды қарауы және оларды дұрыс орындамауы салдарынан науқас қайтыс болды. Айыпталушылардың кінәсі жәбірленушілер, куәлар, сарапшылар айғағы және сот-медициналық сараптама комиссиясының қорытындысы бойынша расталады", - деді сот өкілдері.

Сот жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерін екі жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, үш жылға дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айырды. Сондай-ақ, анестезиолог-реаниматолог екі жыл алты айға бас бостандығынан айырылып, сол мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысуына тыйым салынды. Алайда олар рақымшылыққа байланысты бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан босатылған.

Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 8 миллион теңге моральдық шығын өндірілген. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Д. Шәріпхан