Toyota ұшатын көлігін 2020 жылы жарыққа шығарады

Toyota ұшатын көлігін 2020 жылы жарыққа шығарады
Фото: www.japantimes.co.jp

Жапондық Toyota компаниясы өзінің ұшатын көлігінің коммерциялық нұсқасының 2020 жылы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарына дейін жаппай нарыққа шығарылатынын мәлімдеді. Құрастырушылардың пікірінше, көлік Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысады.

Toyota автоконцернінің акционерлері осындай жобаны жүзеге асыру мақсатымен Cartivator стартапына 42,5 миллион жапон иені ($375 000) көлемінде инвестиция салып отыр. Стартапшылар жасаған концептіге көз жүгіртсек, көлік квадрокоптер сынды орнынан бірден көтеріле алады. Ол үшін көлікке 4 ротор орнықтырылған. Одан бөлек, ұшатын авто жердегі қозғалысқа арнайы үш дөңгелекпен қамтамасыз етілген. Cartivator құрастырып жатқан SkyDrive көлігінде тек бір адамға орын бар.

Егер SkyDrive концепті құрастыру барысында көп өзгеріске енбесе, ол әлемдегі ең кіші ұшатын көлік болмақ. Аэромобиль құрылымын дамытуға тек көлік өндірісіндегі мамандар ғана емес, аэроғарыш саласындағы инженерлер де жұмылдырылған.

Сонымен қатар, Toyota автоконцерні осы жылдың соңына дейін SkyDrive көлігінің толық бета нұсқасын таныстыруды жоспарап отыр. Ресми емес деректерге сүйенсек, ұшатын көлік 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында отты жеткізуші қызметін атқарады.

Ж. Өрісбай