Sony ұшақ пен тікұшақтың біріккен нұсқасын құрастырды (видео)

Sony ұшақ пен тікұшақтың біріккен нұсқасын құрастырды (видео)
Фото: скриншот

Ағайынды Райттардың жаңалығынан бері ұшу аппараттарын құрастыру технологиясы бір сарынмен дамып келеді. Егер жылдам қозғалатын апарат жасау керек болса, аэродинамиканы сақтай алатын ұшақтың төзімді корпусы қажет. Ал тік қону немесе көтерілу үшін ротор қозғалтқыштары қолданылатыны белгілі. Мұндай аппарат бөлшектерінің қымбат тұратынын ескеріп, жапондық Sony компаниясы әмбебап ұшу құрылымына ие Aerosense дронын ұсынды.

Жаңа ұшақ тәріздес аппарат үшін ұшу жолағы қажет емес. Ол квадрокоптер стилінде тік көтеріліп, кейін ұшақ сынды жылдам қозғалысқа ене алады.

Әмбебап ұшақ корпусының ортасында екі дрон пропеллері орналасқан. Олар аппараттың тікұшақ функциясын атқарады. Ал оның ұшақ тәріздес қанаттары Sony құрылғысының жоғары жылдамдыққа жетуін қамтамасыз етеді.

Жапондық компанияның ресми ақпаратына орай, әмбебап аппарат 10 келі жүкті сағатына 160 шақырым жылдамдықпен тасымалдай алады. Ал өнім саны шектеулі болып, тек бизнес ұсыныстар бойынша нарыққа шықпақ. 

Ж. Өрісбай