Жапондар сутекті қозғалтқышпен жүретін көліктің концептін жасады

Жапондар сутекті қозғалтқышпен жүретін көліктің концептін жасады

Автоөндірістегі алыптардың бірі Honda өзінің нарықтағы бәсекелестері секілді болашақтың көлігін құрастырумен айналысып келеді. Соңғы онжылдықта көптеген компаниялар экологиялық таза көлікті шығаруға көше бастаған болатын. Осыған дейін бірнеше электромобильдің концептілері жасалынған болса, жапондық Honda компаниясы сутекті жанармаймен жүретін көліктің құрылымын таныстырды.

Honda FCV деген атауға ие болған жаңа көлік сутекті қозғалтқышпен жүретін болады. Авто өндірісіндегі жаңа бетбұрыстың әлемде әзірге еш ұқсастығы болмағандықтан, қазірдің өзінде көптің қызығушылығына бөленіп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, бұл концепт осыдан бір жыл бұрын FCEV атауымен Лос-Анджелесте таныстырылған еді. Биылғы сутекті көлік өзінің құрылымынан бөлек, ерекше дизайнға да ие болыпты.

2013 жылы таныстырылған FCEV көлігі

Компания инженерлері жаңа прототипте мотордың қуаттылығын арттыру арқылы жанармайдың жұмсалу көлемін 33%-ға азайта алған. FCV сутекті жанармайды бір толтырып алғаннан кейін 482 шақырымға дейін жүре алатын болады.

Егер көлік концепті жоспармен дамытылатын болса, жапондар Honda FCV көлігін 2016 жылдың көктемінде шығарады. Сатылымдар алдымен Жапония, АҚШ және Еуропада жүргізіледі деп жоспарланған. Ал оның бағасы жайлы әзірге нақты ақпарат жоқ.

Сутекті көлік өндірісі болашақтағы барлық көліктердің орнын басу ықтималы бар. Себебі оған бақталас бола алатын электромобильдер жақын болашақта сұраныстан шығатыны рас. Оның басты себебі электр энергиясының тапшылығы болмақ. Сондықтан жалпы идеяның пайда бола бастағанынан бері әлемнің үздік өндірушілері сутекті жанармаймен жүретін көліктерді құрастыруға көше бастады. Айта кетсек, немістің BMW компаниясы да өзінің i5 сутекті автомобилін таныстыруға асығып жатыр. Дегенмен, оның қашан жүзеге асатыны белгісіз. Жапондық Тойота компаниясы да алдағы уақытта сутекті көліктің бизнесінен кенде қалмауды ойластырып келеді.

Сурет: jomomag.blogspot.com

Ж. Өрісбай