Жапон автоөндірісі қалай әлемдік брендке айналды?

Жапон автоөндірісі қалай әлемдік брендке айналды?
Фото: autohs.ru

Жапон автоөндірісі қазір әлемнің ең қуатты өндіріс саласына айналды. Жапон көліктері десе болды, тауға да, тасқа да соқса да, бұзылмайтын, шашылмайтын сенімді көлік ойға оралады. Күншығыс елінің көліктерін қазақтар да жақсы көреді. Бірақ мұндай жетістікке жетудің астарында қажырлы еңбек пен ой күші жатқанын біріміз білсек, біріміз білмейміз.

Ендеше жапон автокөлік өндірісі қалай басталып еді, соған көз жіберейік.

1950-жылдар

Соғыстан кейінгі кезең Жапонияға өте ауыр болды. Соғыстан жеңіліп шыққан жапон халқының экономикасы астан-кестең, өндірісі құлаған күйде еді. Көлік шығару тұрмақ, көлік жүрер жол жоқ кез. Елдің бәрі велосипедпен жүрген шақ.

Ал Жапонияның қуатты өндіріс компаниясы – Toyota банкрот болудың аз-ақ алдында тұрған. 1950-жылдары 300 көлік қана шығарған. Дағдарыстан шығу үшін банктен несие алып, жұмысшыларын шетінен қысқартуға мәжбүр болады. Жағдай өте ауыр.

Жапония. 1958 жыл

Toyota-ның аяқтан тұруына Корея түбегінде орын алған соғыс "көмектесті". Аяқ астынан АҚШ әскерінен 4679 жүк көлігін жасауға тапсырыс алып, ірі келісімшартқа қол жеткізді.

Ал 1955 жылы жапон үкіметі шетелден көлік сатып алуға тыйым салады. Бұл шешім жапон автоөндірісіне кәдімгідей күш пен рух берді. Коммерциялық көлік пен мотоцикл жасауда қолға алады. 1954 жылы бірінші Токио автокөрмесі өтті.

1960-жылдар

1960-жылдары жапон автоөндірісі ішкі нарықты толықтай қамтып, енді тауарын экспортқа шығарудың жолдарын іздестіре бастады. Бірақ әлемдік қауымдастық жапон автоөндірісін жағымды қабылдай қоймады. Әлі сенім жоқ. "Жапон инженерлері америка көлігінен плагиат жасайды, одан асып ешқайда барған емес" деген пікір басым еді.

Жапония нарығы автокөлік сатылымына тар көрінді. Сондықтан жапон компаниялары шетелге, әсіресе, АҚШ-қа шыққысы келді. 1957 жылы Тойота Голливудта алғашқы дилерлік орталығын ашты.  Бір жылда Toyota Crown атты седанның 287-і данасын, Land Cruiser-дың 1 данасын сатады. 1959 жылы Тойотаның ізін жалғап, Хонда (ол кезде мотоцикл шығарады), бір жылдан кейін Ниссан келеді.

 АҚШ-та ашылған алғашқы дилерлік орталық

Неге екені белгісіз, АҚШ-та жапон көліктерінің сатылымы біртіндеп өсе бастады. Бір жағынан арзан, екінші жағынан, бұзылмайтын көлікке деген халықтың сұранысы басым болса керек.

1965 жылы Тойота әлемдік автоөндіріс рейтингісінде 11-орын, Ниссан 14-орынға табан тіреді.

1970-жылдар

1970-жылдары жапон автопромына күш берген тағы бір жайт болды. 1973 жылы әлемде мұнай дағдарысы басталды. Жанар-жағармай қымбаттап, ел үнемдеуге көшті. АҚШ-тың 6-8 литрлі қуатты "маслкар" өндірісі құлдырай бастады. Осы кезде бензин аз тұтынатын жапон көліктеріне деген сұраныс тағы артты.

Toyota Corolla и Corona, Nissan (Datsun) 1200 және Honda N600 көліктері сұранысқа ие болды.

1975 жылы Toyota компаниясы АҚШ-та автосалада жетекші өндірушіге айналды. 1979 жылы әлемде Toyota-ның 2 миллион данасы сатылған екен.

Ал 1980-90 жылдары жапон автоөндірісі үшін нағыз "алтын дәуір" болды.

1960-жылдары Жапонияда басталған экономикалық реформа өз жемісін берді. ЖІӨ бойынша Ұлыбритания, Германия мен Францияны басып озды. Ал 1970-жылдары АҚШ пен КСРО-ны озады.

Электроника, робототехника саласы дамып, автоөндіріске қуатты импульс берді.

1989 жылы Жапонияда 13 миллион көлік шығарылған екен. Оның 6 миллионы экспортқа кеткен. 90-жылдары жапон көлігі сенімді, ыңғайлы, бұзылмайтын көлік деген имиджге ие болды.

Қ. Слямбек