Дзюдодан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы ауысты

Дзюдодан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы ауысты
Фото: olympic.kz

Бүгін, 19 қараша күні дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері ауысты. Бұл туралы ҚДФ хабарлады.

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан дзюдо федерациясының кезектен тыс отырысы өтті. Ұлттық федерация басшысы Қайрат Қожамжаровтың жетекшілігімен өткен жиынға Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президені, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, бас хатшысы Асхат Житкеев, дзюдодан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Жандос Қонысбаев пен атқарушы директоры Самат Жылқыбаев қатысты. Сондай-ақ, федерацияның вице-президенттері Бостан Жаңбырбаев пен Елдос Рамазанов жиынға видеоконференция режимінде қосылды.

Жиын барысында Қазақстан ұлттық ерлер командасына жаңа бас бапкер тағайындалды. Атқарушы комитеттің бірауыздан шешімімен Қазақстан ұлттық ерлер командасының бас бапкері болып дзюдодан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы, "Құрмет" орденінің иегері Ғалымжан Жылгелдиев сайланды.

Жаңа қызметке Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметовтың жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев тағайындалды. Өз кезегінде Елдос Сметов жеке бапкерін жауапты қызметімен құттықтап, еңбегінің еленгеніне дән риза екенін жеткізді.

"Ғалымжан ағайдың бас бапкер болып тағайындалғанына өте қуаныштымын. Осындай білікті маман өзінің бойындағы тәжірибесін тек қана бір немесе санаулы екі-үш адаммен ғана бөліспей, ішінде қалып кетпей, бүкіл еліміздің дзюдосының деңгейін жоғарылату үшін бұл кісінің тәжірибесін баршамен бөлісіп, үйреткені әбден керек деп ойлаймын. Ғалымжан ағай ұлттық құрамаға кеше ғана келген жоқ. Саналы ғұмырын спортқа арнап, талмай шәкірт баптап келеді.

Ғалымжан Жылгелдиев Қазақстанның дзюдо тарихын төрт рет жаңартқан адам. Бір емес, екі әлем чемпионын баптап шығарды. Атап айтқанда, жастар мен ересектер арасындағы әлем біріншілігінде шәкірті топ жарды, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерін баптады, сондай-ақ, елімізге тұңғыш рет бүкіләлемдік Универсиада ойындарының алтынын әкелді.

Төл шәкірттері осы күнге дейін қандай жетістікке жетсе, ұлттық құрама спортшыларын да дәл сондай биік белестерге жетелейді деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі білікті маман бірнеше әлем чемпионы мен Олимпиада ойындарының жеңімпаз, жүлдегерлерін баптауға әбден қауқарлы. Сондықтан, бас бапкер қызметіне кіріскен Ғалымжан Жамбылбекұлына сенім артып, сәттілік тілеймін, - деп келтіреді дзюдодан ұлттық құрама көшбасшысы Елдос Сметовтің сөзін ҰОК сайты.

Айта кетерлігі, құраманың бұрыңғы бапкері Айдын Смағұлов денсаулығына байланысты қызметін тоқтату туралы өтініш білдірді. Ол Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне 2018 жылы кіріскен болатын.

Өз кезегінде, Қазақстан дзюдо федерациясының  президенті Қайрат Қожамжаров Айдын Смағұловқа осы уақытқа дейін атқарған жұмысына алғыс айтып, жаңадан тағайындалған бас бапкерге сәттілік тіледі.

Анықтама үшін:

Ғалымжан Жылгелдиев 1970 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Жаттықтырушылық жолын 1987 жылы Жамбыл облысының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бастаған. 2017 жылдан бері Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының жаттықтырушысы қызметін атқарып келеді. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, дзюдодан әлем чемпионы Елдос Сметовтың жеке жаттықтырушысы.

Ғалымжан Жылгелдиев жаттықтырушылық жолын Тараз өңірінен бастаған. Жамбыл облысындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушы-жаттықтырушысы, "Жамбыл облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы-оқытушысы, Жамбыл облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде самбодан жаттықтырушы-оқытушысы қызметтерін атқарған. 1998-2001 жылдар аралығында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің "Сұңқар" спорт клубында жаттықтырушы, одан кейін Жамбыл облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2006 жылға дейін оқушыларды жаттықтырған.

2006 жылдан бастап қызмет жолын Алматы қаласындағы Каркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мемлекеттік мектеп-интернат-колледжінің дзюдо жаттықтырушысы ретінде жалғастырған. 2015 жылдан бері Жамбыл облысында Олимпиадалық резервті даярлау орталығында дзюдо бөлімінің аға жаттықтырушысы, 2017 жылдан бастап Қазақстан ерлер құрамасының жаттықтырушысы болып қызмет атқарып келеді. Ғалымжан Жылгелдиев 2015 жылы "Құрметті спорт қызметкері" медаліне ие болса, 2016 жылы Қазақстанда спортты дамытуға қосқан үлесі үшін "Құрмет" орденімен марапатталған.

А. Рысдәулет