16 қазан күні Парижде бірде-бір көлік қозғалысы болмайды

16 қазан күні Парижде бірде-бір көлік қозғалысы болмайды
Фото: parislodging.com

16 қазан күні Франция астанасы Париж қаласын алаңсыз жаяу аралауыңызға болады. Себебі бұл күні қала бойлап бірде-бір көлік қозғалысы болмайды. Fastcompany сайтының жазуынша, мұндай акция Парижде осымен үшінші рет өткелі отыр. Оны ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қала қонақтарына Парижді машинасыз да аралауға болатынын дәлелдеп, қаланың көркеюі мен тазалығына өз үлестерін қоспақшы. 

"Бұл күн Парижде басқаша өмір сүру күні. Адамдарға қаланың қалай ластанып, мәселер туындап жатқаны туралы хабардар етіңіз және оларға Парижді автокөліксіз де аралауға болатындығын көрсетіңіз", - дейді қала әкімінің орынбасары Селия Блауэль. Париж үкіметі ондаған жылдар бойы жоспар бойынша қала ішіндегі көліктер санын азайту үстінде жұмыс істеп келеді. 1990 жылдан бері автомобильдер саны 45 пайызға кеміп, велосипедшілер саны 10 есеге артқан. 

2017 жылы қала басшылығы 2024 жылға қарай дизельдік автокөліктерге тыйым салатынын мәлімдеді. Газбен жұмыс істейтін автокөліктер 2030 жылға қарай тоқтатылады. Ал ескі автомобильдер болса (2001 жылға дейін өндірілген дизельдік техника және 1997 жылға дейін шығарылған газ машиналары) қала орталығынан жұмыс күндері таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жүруге тыйым салынған. 

Егер сіз Париж тұрғыны болып, автокөлігіңізде жүруден бас тартсаңыз, мемлекеттен велосипед сатып алу, автокөлік айырбастау қызметіне тіркелу немесе қоғамдық көлік сатып алу үшін шамамен 700 АҚШ долларын ала аласыз. Егер сізде кішігірім бизнес болып, жүк көлігіңізден бас тартсаңыз, онда сізге электр жүк көлігін немесе электр автобусын сатып алу үшін шамамен 10 000 АҚШ долларын төлейді. Сонымен қатар, қалада тегін қоғамдық көлік мүмкіндіктері де қарастырылуда. 

"Біз ауаның ластануы арқасында париждіктердің алты ай өмірі қысқаратынын білеміз және бұл мәселені шешеміз", – дейді қала әкімінің орынбасары Селия Блауэль. Парижде 1 жыл өмір сүру 182 тал темекі шеккенмен бірдей. "Le Parisien" газетіннің мәліметіне қарағанда, қаладағы 1 текше метр ауа құрамында 22 микрограмм улы элементтер бар. Бұл 2 тал темекі шегудің зияны Парижде 4 күн өмір сүргенмен бірдей деген сөз. Париждегі ауаның ластанғаны сондай, тіпті дене шынықтырумен айналысқанның өзі пайда бермейді, керісінше денсаулығыңызға зиян. Өткен жылы Париж метросындағы ауаның ластығы сыртқы ауадан 10 есе көп екені анықталған.

Қалада жүздеген шақырымдық велосипед жолдары салынып, 2017 жылдан бері велосипед жолдарының саны екі еселенген. 2018 жылдың алғашқы бес айында қала көшелеріндегі автомобильдер саны өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға төмендеген.

Ғаламшарымыздағы ауа құрамында зиянды элементтер жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Мұның басым бөлігі көліктен шығатын улы газдар есебінен. Соның кесірінен адамдар өкпе аурулары, жүрек пен қан-тамыр жүйесі аураларынан ерте қайтыс болады. Статистикаға сүйенсек, жер шарындағы адамдардың 95 пайызы зиянды ауамен дем алады.

Т. Раушанұлы