Жапондар тамақ қалдығынан цемент өндіру әдісін ойлап тапты  

Жапондар тамақ қалдығынан цемент өндіру әдісін ойлап тапты  

Азық-түлік қалдықтары дүниежүзілік проблема. Бір ғана Америка Құрама Штаттарында тамақтың 40 пайызы қоқысқа тасталады. Нәтижесінде ресурстар ысырап болып, қалдықтар полигондарда шіріп, орасан зор метан бөледі.

Токио университетінің Өнеркәсіптік ғылым институтының ғалымдары тамақ қалдықтарын құрылыс материалдарын өндіру үшін пайдаланады. Бұл әдіс тек қана қырыққабат жапырақтары мен апельсин қабығы сияқты жеміс-жидек пен көкөніс қалдықтарынан цемент өндіруді қамтиды. Зерттеу нәтижелері перспективалы: тамақ қалдықтары тиімді байланыстырғыш екендігі дәлелденді.

Профессор Юя Сакай бастаған зерттеушілер тобы ағаш ұнтағынан құрылыс материалдарын дайындауда кеңінен қолданылатын "ыстық престеу" әдісін қолданып жатыр. Теңіз балдыры, қырыққабат жапырақтары, апельсин, пияз, асқабақ және бананның қабығы кептіріліп, ұнтақ етіліп сосын пресстеледі. Алынған цемент беріктігі бойынша басқа цементтерден қалыспайды.

Азық-түлік қалдықтарын қайта өңдеуден басқа, жаңа процесс цемент өндірісінің көміртегі шығарындыларын азайтуы мүмкін. Әзірге бұл технология шағын көлемде ғана сынақтан өтті. Бірақ егер ол өнеркәсіптік қолдану ауқымына дейін кеңейтілсе (топтың келесі мақсаты), ол құрылыс материалдары нарығындағы "ойын ережелерін" өзгертуі мүмкін.

Токио университетінің командасы ойлап тапқан әдіс құрылыс индустриясы мен климаттың өзгеруімен күресу үшін кең ауқымды әсер етуі мүмкін. Технология кең ауқымда жүзеге асса, адамзат дәстүрлі цементке тәуелділіктен арыла алады. Қазіргі уақытта цемент өнеркәсібі әлемдік көмірқышқыл газы шығарындыларының шамамен 8 пайызын құрайды. Сондай-ақ, бұл әдіс парниктік газдар шығарындыларының ең ірі көздерінің бірі болып табылатын тамақ қалдықтарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Т. Раушанұлы