TikTok-тың қарсыласы: YouTube Shorts-пен қалай қаржы табуға болады?

TikTok-тың қарсыласы: YouTube Shorts-пен қалай қаржы табуға болады?
Фото: YouTube.com

TikTok-тың жылдам дамып кеткенін бәріміз көріп жүрміз. Әсіресе зумер және альфа-ұрпақтың көңілінен шыққан сервис болды. Мұны ерте байқаған бәсекелес гиганттар қытай қосымшасының аналогын жасап, жаңа ұрпаққа таныстыра бастады. Солардың бірі – YouTube жасап шыққан Shorts форматы.

Ендеше аталмыш форматтың артықшылығы мен Тик-токтан айырмасына әрі одан ақша табудың жолдарына тоқталайық.

Басты мәлімет: Google компаниясы Shorts-ты дамыту үшін 2021-2022 жылдарға 100 миллион доллар бөліп отыр. Бұл қаржы жаңа сервисті дамыту мен оны монетизациялауға жұмсалмақ. Демек қаржының басым бөлігі Shorts-қа видео түсіруші блогерлерге, олардың арасында бұл сервисті танымал етуге берілері анық. Ендеше Google ұсынып отырған 100 миллиондық торттан біз да үзім үзіп қалайық.  

Shorts қалай түсіреміз?

YouTube – видео мен жарнама саласындағы нағыз гигант-сервис. Жылдық табысы 15 млрд доллардан асады. Табыстың басым бөлігі YouTube-те арна ашқан авторлардың қалтасына түседі. Платформаның ықпалы әлемді жаулап барады. Сондықтан ірі видеороликтермен қатар шағын, кіші роликтер нарығын да өзіне қаратқысы келеді. Сол себепті Тик-токқа қарсылас ретінде Shorts атты сервисін ойлап тапты. Сервис енді ғана ашылғандықтан, мұнда алғашқы авторлардың бірі атануға әрі көбірек жазылым жинауға мүмкіндік зор.

Шағын ролик түсіру оңай. YouTube-ке тіркелсеңіз, жеткілікті. Арнаңызды ашып, түсірген шағын видеоларыңызды Shorts айдарын таңдап жүктей бересіз.

Видеоны бірден түсіруге де болады. Ол үшін "Short түсіру" батырмасын бассаңыз жеткілікті. Камера өзі қосылады. Видео 15 секундтан аспағаны жөн. Әрі вертикальды форматта түсіріледі.

Барынша сапалы контент жасағыңыз келсе, онда видеороликті алдымен жай камераға түсіріп алып, Adobe Premiere Rush сынды видеоредактормен монтаж жасап жүктегеніңіз абзал.

Shorts-тың бір артықшылығы – YouTube-тегідей сапалы, мықты монтаждалған, сценарий жазылып, кәсіби түсірілген видео жасап қажет емес. Қарапайым, қарабайыр видоелардың өзі жақсы "өтеді". Бұл да контент жасауға енді кірісіп жүрген авторларға берілген жеңілдік.

Shorts-қа музыка қоюдың маштабы кең. Таңдау көп. Тик-токтағыдай аз емес. Өйткені YouTube әлемдік әртістер мен музыка саласындағы ірі агенттермен тығыз байланыс орнатқандықтан, трек таңдаудың мүмкіндігі мол.

Видеоны Shorts-қа жүктеп жатып та жөндеуге болады. Роликті кесуге, жалғауға және жылдамдығын арттыруға, мәтін қоюға, фильтр қосуға мүмкіндік бар. Бұл әрине вертикальды видео жасауға арналған кез келген видеоплатформаға тән функциялар. Әзірше Short-тың стандартты функциялар Тик-токтан азырақ. Бірақ алда санын арттырады деген ойдамыз.

Shorts-қа қандай контент түсірген дұрыс?

Кәдімгі Тик-токтағыдай шағын 30-60 секундтық видеолар. Қысқаметражды, баяндау стилі бар роликтер. Қаралым көп болуы үшін видеороликтің "жанын кіргізетін" дүниелер жасауға болады. Қанық, креативті жарықтандыру қоюға, жақсы локациялар таңдап, дұрыс костюм кию керек.

YouTube әкімшілігінің айтуынша, шағын роликтің әп дегенде адамды қызықтырып әкететіндей фишкалары болған жөн. Егер кәдімгі YouTube видеороликтері адамды өзіне қарату үшін 5-10 секунд жеткілікті болса, мұнда уақыт одан да аз. 1-2 секундта қызықтырмаса көрілім болмайды.

Видео визуалды тартымды, баяндау желісі анық болғаны жақсы.

Маркетинг пен психологияға сәйкес видеороликтерде қуаныш, жағымды эмоциялар басым болғаны жөн. Әрі қабылдауға жеңіл болса құба-құп. Мәселен, Тик-токта ең көп қаралым жинайтын – қуанышты, қам-қаперсіз, мейірімді өмірді көрсететін, кейде ақымақ іс-әрекеттерді жиі көрсететін видеолар. Сондықтан Shorts-тың бағыты осыған саяды: қуанышты контентке құрылған видеолар басымырақ болатыны анық.

Статистикаға сенсек, жасөспірім бір күннің 80 минутын Тик-ток, яғни, қысқа метрлі сюжет көруге арнайды екен.

Shorts-пен қалай қаржы табуға болады?

Жоғарыда айтқанымыздай, YouTube бұл жобасын аяқтан тұрғызу үшін 100 млн доллар қаржы бөліп отыр. Сол үшін арнайы Shorts Fund қорын құрған. Бұл қордан қаралымы көп видео түсірген авторлар қаржы бөленіп отырмақ.

YouTube әкімшілігі хабарлағанда мәлімдемеде "қаралымы көп авторлар автоматты түрде қордың мүшелігіне өтіп", ай сайын роликтің статистикасына байланысты ай сайын 100 доллардан 10 мың долларға дейін қаламақы төленіп отыратыны айтылған.

Егер видеороликтеріңіз YouTube әкімшілігіне ұнап жатса, Shorts түсіріп бастаған алғашқы айдың бірінші аптасында-ақ сізбен байланысуы мүмкін. Әдетте, гугл-почтаға әкімшілік тарапынан хабарлама келеді. Егер хат келсе, AdSense бағдарламасын жүктеп, тіркелуіңіз керек. Табыс содан түседі.

YouTube-та арнасы бар авторлардың бір артықшылығы бар. Егер Shorts-қа видео түсіріп бастасаңыз, оған жиналған жазылманның саны арнаға қосылып есептеледі. Бұл – үлкен мүмкіндік. Арна авторы екеуін қосып монетизацияға жіберсе болады.

Айта кеткен жөн, вертикальды видео түсірумен айналысатын платформалардың ешбірінде мұндай сомада (100 млн доллар) бастапқы қаржы болған емес. Google бұл сервисті дамытып, кейін үлкен монетизацияға айналдырары сөзсіз. Бірақ әзірше Shorts-тың өзі қалай табыс табары белгісіз. Тик-токтағыдай видео арасында жарнама жіберіп табыс табуы мүмкін. Тик-ток бұл әдіс арқылы бір жылда 1 млрд доллар табыс тапқан екен.

Шағын видеоролик нарығында өз орнын жаулауға келген Shorts-қа алғашқы автор болып, қаралым мен жазылман жинаудың жолы ашық. Әзірше вертикальды видеоплатформа саласында Тик-токтың танымалдығы артып тұр. Алайда Google сынды алып гигант іске кіріскенде, нарық түбегейлі өзгеруі мүмкін.

Қ. Слямбек