Компьютер ойыны индустриясына ықпал еткен Дженсен Хуаңның өмір жолы

Компьютер ойыны индустриясына ықпал еткен Дженсен Хуаңның өмір жолы

Компьютерде ойын ойнап ләззат алатын, тіпті сол арқылы табысқа кенеліп, танымал болған әр геймер Дженсен Хуаң есімді адамға қарыздар. Ол 27 жыл бұрын графика процессоры тарихындағы ең ықпалды компанияға айналған NVIDIA негізін қалаған еді. Видеокарталары үлкен сұранысқа ие компанияның бас директоры туралы толығырақ білетін кез келді.

Дженсен Хуаң (Jen-Hsun "Jensen" Huang) 1963 жылы 17 ақпанда Тайвань қаласында дүниеге келген. Дженсен алтыға, ағасы жетіге толғанда оның отбасы Бангкокқа көшкен. Кейін әкесі біліктілігін арттыру үшін Нью-Йоркке барып келеді. Сол жоқта оқып, тәжірибе жинаған ол үлкен шабыт алып, қанаттанып, балалары АҚШ-та тұрып, білім алады деген мақсат қояды. Содан ол әйелімен бірге балаларға ағылшын тілін үйретуге кіріседі. Дженсен естілігін оқысақ, анасы ағылшын тілін білмесе де балаларды күнде 10 сөзден жаттап, мағынасын түсінуге міндеттеген екен.

NVIDIA-ның болашақ директоры тоғызға толғанда, оның он жасар ағасы екеуі АҚШ-қа аттанып, туыстарының үйінде тұрады. Олар балаларды Кентукки штатындағы баптистер мектебіне оқуға береді.

Дженсен өскен ортасы мен дарынының арқасында компьютер технологиясына қызыға бастайды. Он алты жасында Орегон университетіне түсіп, инженер-электротехник мамандығын меңгереді. Оқудан кейін ол өзінің болашақ бәсекелестері AMD компаниясында жұмыс істеп, микропроцессор жасаумен айналысады.

Дженсен 90-шы жылдары компьютердің ойынға қарай бағыт алып бара жатқанын біліп, әріптестері Крис Малаховски мен Кёртис Прэммен өз видеокартасын жасауға шешім қабылдайды.

1993 жылы компания құрып, оған ат таппай қиналады. Ақыры "Invida" деген латын сөзін таңдайды, оның мағынасы – "көре алмау", "қызығу". Компанияның бастапқы капиталы 40 мың доллар болды. Кеңсесі Кремний алқабындағы Саннивейл қаласында орналасқан. Энтузиазмға берілген үш инженер бүкіл ақшасын жаңа видеокартаға жұмсайды.

Chipmaker Nvidia's CEO says Uber does not use its self-driving ...

Ең алғашқы видеокарта 1995 жылы жарыққа шықты. Бірақ оның коммерциялық табысы бола қоймады. Алайды Дженсен командасы берілмей, жұмысын жалғастыра берді. 1996 жылы нарықта графикалық чип жасайтын 30 компания болды, сондықтан бәсеке тым жоғары еді.

Сонымен 1997 жылы NVIDIA компаниясы RIVA 128 деген жаңа модель шығарады. Ол тек 2D емес, 3D графикамен жұмыс істей алатын бірегей процессор еді. Олардың екінші жұмысы коммерциялық тұрғыда сәтті болды ма? Жыл соңына қарай NVIDIA-ның нарықтағы үлесі 24% екенін ескерсек, сұрақтың жауабы белгілі. Ал 2000-жылдары нарықта ең ықпалды тек екі компания болды – NVIDIA мен ATI.

Осылайша компания табысы жыл сайын арта берді. Кремний алқабындағы кішкентай ғана кеңсе қазір құны 500 000 миллион долларға бағаланған футуристік ғимаратқа айналды. Ал 3 адам бастаған іске қазір 11 мың қызметкер атсалысып жатыр.

Қазір NVIDIA чипсеттері копьютер ойынына арналған нарықтағы ең үздігі саналады.

NVIDIA кеңсесі, Санта-Клара

Ал Дженсен Хуаң табысты CEO атанып, миллиардерге айналды. Forbes дерегіне сүйенсек, оның байлығы 8 миллиард долларға бағаланып отыр.

Дженсеннің компанияны басқарып келе жатқанына 27 жыл болды. Ол өз компаниясына шын берілгенін әлі де дәлелдеп келеді. Оның қолында NVIDIA логотипінің татуировкасы бар. Дженсен компания ішіндегі басшылармен бәстесіп, NVIDIA акциясы 100 долларға жетсе, татуировка салдыруға уәде береді.

Дженсеннің өмір жолы – мақсатына адал адамның дегеніне жетпей қоймайтынына және ата-ана инвестициясының жақсы мысалы. Бәлкім, ол басқа елге кетіп, басқа саланы таңдағанда, компьютер графикасының деңгейі қазіргіден мүлде нашар болар ма еді?

Massaget.kz