Илон Маск ғарышқа тағы 60 шағын Starlink жасанды жерсерігін ұшырды

Илон Маск ғарышқа тағы 60 шағын Starlink жасанды жерсерігін ұшырды
Фото: breakingviews.com

АҚШ кәсіпкері Илон Масктың SpaceX корпорациясы жасаған Falcon 9 зымыран-тасығышы Жер орбитасына ғаламдық интернет желісін құруға арналған 60 шағын Starlink жасанды жерсерігін шығарды. Бұл туралы компания Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

Бұған дейін 2019 жылдың 12 қарашасында АҚШ-тың Флорида штатында  Starlink жобасы аясында 60 жасанды жерсерігі бар Falcon 9 зымыраны ғарышқа ұшырылған.

Екі бөліктен тұратын Falcon 9 АҚШ-тың Канаверал мүйсіндегі ғарыш айлағынан сейсенбіге қараған түні ұшырылғаннан кейін арада сегіз жарым минут өткенде зымыранның осымен төртінші мәрте пайдаланылған бірінші бөлігі автоматты түрде Атлант мұхитының АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатына жақын тұсындағы теңіз бетіндегі Of Course I Still Love You платформасына өздігінен қонған.

Falcon 9 зымыраны Starlink жасанды жерсеріктерін 290 километр биіктегі Жер орбитасына жеткізді. SpaceX инженерлері олардың қалай жұмыс істеп тұрғанын тексеріп болған соң жерсеріктердегі ион қозғалтқыштар іске қосылып, тағы да бірталай биікке көтеріледі.

Starlink жобасы аясында жасанды жерсеріктердің осымен үшінші тобы ғарышқа жіберілді. Алғашқы 60-ы былтыр мамырда, екінші тобы қарашада ұшырылған.

SpaceX компаниясының жоспары бойынша, 12 мың жасанды жерсерігінен тұратын ғаламдық жүйе толық іске қосылғаннан кейін жер шарының кез келген түкпірінен кең жолақты интернет байланысына қосылуға мүмкіндік тумақ. Жобаны жүзеге асыру үшін инвестицияның жалпы құны 10 миллиард доллар деп бағаланған.

Айта кетейік, Starlink – бұл ғаламшар тұрғындары үшін кең жолақты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған келесі буынның спутник желісі. Жоба 2018 жылдың ақпан айында іске қосылды. Содан кейін Falcon 9 көмегімен екі спутник орбитаға бағыт түзеді. Барлығы 12000 жер серігі орбитаға шығарылады. Сондай-ақ, 328 шақырымнан 580 шақырымға дейін орбитаға 30 000 қосымша жерсеріктерін жеткізу жоспарланған.

Т. Раушанұлы