Contract for the Web жобасының мақсаты қандай?

Contract for the Web жобасының мақсаты қандай?
Фото: contractfortheweb.org

Интернетті ойлап тапқан (Роберт Кайомен бірге) Тим Бернерс-Ли қазіргі интернетті ұрлық, фейк пен ғадауаттан құтқаратын жоспар ұсынды. Оның ережесін қабылдауға қазірдің өзінде 160 компания келісіп отыр, оның ішінде Google, Microsoft, Facebook, GitHub, Reddit сынды алыптар бар.

Бұған не түрткі болды?

Тим Бернерс-Ли ресми түрде Contract for the Web жобасын бастады. Бұл – тоғыз бөлімнен тұратын ғаламдық жоба. Оны интернеттегі саяси манипуляцияға, фейк жаңалыққа, жеке мәліметтердің қолжетімдігіне жол бермеу үшін мемлекет басшылығы, компания мен жеке тұлғалар қолдануы тиіс.

Бернерс-Лидің айтуынша, қазіргі интернеттегі жағдай әлемді "сандық антиутопияға" душар етуі мүмкін. Сондықтан ол ұсынған 9 ереже интернетті "жөндеуге" көмектеспек. Бұл бастаманы қазір 160 компания қолдап отыр. Оның ішінде Microsoft, Google, GitHub, Reddit, Facebook бар. Сондай-ақ Бернерс-Лидің идеясын Германия, Франция, Гана басшылығы қолдап отыр.

Бұл жоба не үшін керек?

The New York Times сайтындағы жеке бағанында Бернерс-Ли web интернет-кеңістігін жасағанда болашақты басқаша елестеткенін жазды. Ол интернетті адамдар пайдалы нәрсе үшін қолданып, Wikipedia, OpenStreetMap сияқты жобалар көп болады деп сенген. Оның орнына интернет өшпендік, жалған ақпарат, ұрлық әкелді.

The Verge басылымының айтуынша, Contract for the Web жобасының пайда болуына Facebook пен Google-дың жеке мәліметтерді сақтауына, пайдалануына қатысты көбейіп кеткен сындар себеп болған. Бұл компаниялар Бернерс-Лидің жобасына қосылды және ережеге сай, қолданушылардың жеке мәліметтеріне құрметпен қарауы тиіс. Егер компаниялар Contract for the Web мақсатына сай жұмыс істемесе, жобадан шығарылады.

Бернерс-Ли не ұсынды?

Жобаға сай, интернетке қатысты 9 принцип сақталуы тиіс:

Мемлекет қайраткерлері үшін:

– Әр адамның интернетті пайдалану мүмкіндігі бар екенін тексеру.

– Интернетті кез келген уақытта қолжетімді ету.

– Жеке мәліметті сақтаудың базалық принциптерін қорғап, құрметтеу.

Компаниялар үшін:

– Интернетті арзан әрі қолжетімді ету.

– Адамдардың жеке мәліметін құрметтеу, қорғау.

– Адамдарды дамытатын технология жасап, зұлымдықпен күресу.

Қолданушылар үшін:

– Интернетте автор болу.

– Қоғамдық дискурсты қолдайтын мықты бірлестіктер жасау.

– Интернетте ашықтық пен еркіндік үшін күресу.

"Contract for the Web ситуацияны өзгертетін іс-әрекет жоспарын жасады. Бірақ барлығымыз бірігіп жауапкершілікті сезінбесек, бұдан ештеңе шықпайды. Биліктегілер заңды күшейтуі керек, компаниялар адамдардың құқығын ақша табудан биік қоюы керек", - деп жазылған жобаның блогында.

Massaget.kz