- Негізгі бет
- Техно
- 5G мобильді технологиясы...
5G мобильді технологиясы болашақты қалай өзгертеді?
Уестердің шетінде орналасқан алпауыт Bosch компаниясында 400 машина мен 1,200 жұмысшы конвейердегі машина жинау процесін басқарады. Егер қандай да бір машинада ақау табылса, конвейер тұтас тоқтап, машинаның жетпей тұрған бөлшегі табылғанша күтеді. Ал қазір сенсорлы жүйенің көмегімен сондай кедергілердің алдын алып, өндірісті тоқтатпаудың амалын жасауға болады.
Bosch Британиядағы 5G орнатылған өндіріс орындарының алғашқысы саналады. Barclays өкілдерінің айтуынша, ол Ұлыбританияның экономикасын жыл сайын 15,7 миллиард фунд стерлингке арттырады. Одан бұрын қолданыста болған 4G жүйелері өндіріс ошақтарында аса пайдалы болмады, себебі олардың жиілік диапазоны жүздеген машинадан келетін сигналдарды миллисекундтық нақтылықпен бақылауда ұстай алмайтын.
Ал 5G-дің мүмкіндіктері одан жоғары болғандықтан, ол өндіріс орындарынан да басқа секторларға пайдасын тигізе алады. Qualcomm-ның айтуынша, 2035 жылға қарай 5G байланысы тамақ өндірісі мен қызмет көрсетуде, сауда-саттық пен денсаулық сақтауда, білім беру мен транспорт саласында, көңіл көтеру және өзге де салаларды қоса есептегенде 12,3 триллион АҚШ долларына жететін пайда әкеле алады.
Осы ретте 5G-дің әлемдік экономикаға тигізетін ең үлкен үлесі мен жаңалығы – адамдардың алыстан жұмыс істеу мүмкіндігінің пайда болуы.
Жырақтан операция жасайтын дәрігерлер
Мәселен денсаулық сақтау саласын алайық. Хирургтар алыстан виртуалды скальпельдің көмегімен ота жасап, барлық процесті алыстан басқара алады. Ал шынайы скальпельді басқа дәрігерлер ұстап, кесіп тұрады. 5G байланысы арқасында ақпарат пен бейне аса дәлдікпен жеткізіліп, шынайы уақыт кеңістігін сақтауға болады.
Сонымен қатар, телемедицина нарығы алдағы он жылда 17 есе өсіп, 2022 жылға дейін 64 миллиард АҚШ долларына дейін пайда әкеледі деген болжамдар бар. Мұның барлығы да денсаулық сақтаудағы ең үздік сервисті төмен бағада көпшілікке қолжетімді етудің амалдары деуге болады.
Қазірдің өзінде ауруханаларды жаңа технологиямен жабдықтау қолға алынды. Осы жылдың қаңтар айында Қытайда 5G байланысы көмегімен алыстан жасалатын алғашқы операция болды. Хирургтың айтуынша, деректердің кедергіге түсуін барынша төмендеткен кезде операцияны ойдағыдай аяқтауға мүмкін болды. Ericsson компаниясының жақында жасаған мәлімдемесіне орай, 5G алыстан жасалатын операциялар үшін міндетті болады.
Оқи отырыңыз: Ғалымдар 5G-ді қолдануға қарсы петиция жариялады
Өзге салалардағы өзгерістер
Қашықтан жұмыс істеу сияқты артықшылық тек медицинамен шектелмейді. Сонымен қатар, жыл сайын мыңдаған адам опат болатын кен қазу ісін де автоматтандыруға болады. Сол себептен олар алыстан басқарылатын, толықтай автоматтандырылған машиналарды тәжірибеден өткізіп жатыр.
Ағымдағы жылы Telia телефон байланыс компаниясы Volvo мен серіктестігі туралы хабарлады. Ал Ericsson-ның Швецияның Эскилстуна қаласындағы кен орнында жұмыс істейтін машиналары 5G мен байланысып, алыстан басқарылатын болады.
Telia-ның Швециядағы атқарушы директоры Андерс Олсон: “Кен өндірісіне 5G байланысын тарту өте орынды шешім. Кен қазудағы процесті автоматтандыру жұмысымызды жаңа деңгейге шығарып, өнімділікті арттырады. Алайда компьютерлерді ауыр көліктерге жалғаған кезде үлкен мөлшердегі деректерді үзбей жеткізуге кепілдік беретін сапалы байланыс керек. 5G біздің осы мәселемізді шешіп бере алды”, - дейді.
Қашықтан жұмыс істеу одан әрі дамып, басқа салаларға да жол тартты. Мысалы, Microsoft’s Hololens қосымша шынайылық көзілдіктері әлемнің кез келген аймағынан голографиялық деректерді көрсетеді. Соңғы үлгідегі көзілдіріктің көру аймағы мен жарықтығы жақсартылған, интерфейсі мен көзбен бақылау жүйесі арқылы кез келген күрделі тапсырмаларды тиімді іске асыруға болады.
Көзілдіріктің бағасы 3500 АҚШ доллар тұрады. Бұл қарапайым тұтынушыларға емес, құрылыс саласының жұмыскерлеріне арнайы жасалған. Мамандар қашықтағы құрылыс объектілерін көріп, ондағы бұзылған құралдарды жөндеуден өткізіп немесе жаңа қызметкерлерді оқыта алады. Сонда жұмысшыларды арнайы оқытудан өткізудің қажеттілігі болмайды. Барлығы да жұмыс орнында іске асады.
Microsoft’s Hololens технологиясы 5G-ді пайдалана қойған жоқ, бірақ сонда да оның салаға әкелер пайдасы шаш етектен болайын деп тұр. Ал жақында шығатын 5G-ге қосылған Hololens 2-ге үлкен өзгерістер әкелері анық.
Сөз соңында, 5G мобильді байланыс кез келген кәсіпке өзгеше сипат беретінін алғашқы тәжірибеден көріп жатырмыз. Ендігі кезекте адамзат баласы оны игілігілікті жолда қолданып, ел мен жердің әлеуетін арттырса болғаны.
Т. Раушанұлы