Ғалымдар 5G-ді қолдануға қарсы петиция жариялады

Ғалымдар 5G-ді қолдануға қарсы петиция жариялады
Фото: 5gspaceappeal.org

Ғалымдар 5G технологияларын кеңінен қолдануға қарсы. Олардың пікірінше, мұндай байланыс түрі адамзат үшін де, қоршаған орта үшін де өте зиян екен.

Алғашқы 5G смартфондары 2019 жылы сатуға шығарылады деп күтілуде. Осыған байланысты ғалымдар, дәрігерлер, қоршаған ортаны сақтау ұйымдары бірігіп 5gspaceappeal.org сайтында петиция жариялады. Ол жерде аталған сымсыз байланыс құралын қолдануды тоқтату себептері айтылған. Петиция БҰҰ-на, Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымына, Еуроодаққа жолданған. 

Олардың айтуынша, радиация адамдарға апат алып келеді. 5G адамзат пен қоршаған орта үшін тәжірибе, бұл халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес келмейді. Сонымен бірге, Жер шарындағы экожүйеге де әсерін тигізеді. Мысалы, 4G-ді жаппай қолдану бал араларының, құстар мен көбелектер популациясының азаюына алып келген. 

Петицияда 5G байланыс тармағы салдарынан көптеген аурулардың көбеюі айтылған. Олар: 
• Жүрек соғысының өзгерісі;
• Ағза дамуындағы өзгерістер; 
• Қатерлі ісіктің дамуы; 
• Жүрек-қан тамырлары аурулары; 
• ДНҚ-ның бұзылуы;
• Жүйке аурулары; 
• Белсіздік; 
• аутизм;

Және 5G-ді жаппай қолдану аралардың, құмырсқалардың, құстардың, сүтқоректілердің тағы басқа жан-жануарлардың жоғалуына алып келетіні туралы айтылған. Жалпы аталған петицияға 30 мыңдай адам қол қойыпты. 

Бірақ, ДДСҰ (Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы) соңғы өткізген 20 жылдық зерттеулері смартфондардың петицияда айтылғандай зиянды екенін көрсетпеген.

Т. Раушанұлы