Стив Джобс водолазкасы. iPhone 11 Pro Superior

Стив Джобс водолазкасы. iPhone 11 Pro Superior
Фото: caviar-phone.kz

iPhone 11 Pro смартфонының ерекше коллекциясы жарыққа шықты. Дизайнерлер iPhone-ның арқасындағы логотипті әйнектен жасап, оның ішіне Стив Джобстың көзі тірісінде тастамай киген водолазкасының қиқымын салған.

iPhone 11 Pro Superior Jobs

Дизайны ерекше бұл құрылғыны гаджетті кастомизациялаумен айналысатын ресейлік Сaviar компаниясы шығарған. Яғни компания смартфонның түпнұсқа формасын сақтай отырып, сыртқы дизайнына өзгерту енгізіп, арнайы жасалған құрылғыны қымбат бағада сатады.

Дизайнерлер аталған гаджетті iPhone смартфонының ең алғашқы нұсқасына ұқсатып жасаған. Құрылғының астыңғы тұсына Стив Джобстың қолы қойылған. Корпусы титаннан жасалған құрылғы 9 данамен сатылымға шықты. Бағасы: 64 ГБ – 2 318 805 теңге, 256 ГБ – 2 442 805 теңге, 512 ГБ – 2 597 805 теңге. Компания тауарға 1 жыл кепіл болады.

iPhone 11 Pro Superior Ali&Frazier

Superior сериясымен шыққан iPhone 11 Pro қатарында Ali&Frazier нұсқасы да бар. Бұл смартфон әйгілі Мұхаммед Әли мен Джо Фрейзер арасында өткен кездесуге арналған. Смартфоннның артқы бөлігіндегі корпус титаннан жасалып, өрнектелген жолақтар 750 сынамалы алтыннан құйылған. Беті әйнекпен қапталған алтын шеңбердің ішіне қос боксшының кездесу кезінде киген киімдерінің ұсақ мата бөлшектері жапсырылған.

Құрылғының тек 3 данасы жарық көрді. Бағасы: 64 ГБ – 4 588 009 теңге, 256 ГБ – 4 712 009 теңге, 512 ГБ – 4 867 010 теңге. Компания тауарға 1 жыл кепіл болады.

iPhone 11 Pro Superior The Beatles

iPhone 11 Pro Superior The Beatles смартфоны әлемге әйгілі Битлз тобына арналған. Құрылғының артқы бөлігі пластинка формасында жасалған. Пластинка ортасына топ мүшелерінің сахналық костюмдерінің мата қиқымдары қойылған.

Смартфон тек 1 данамен сатылымға шықты. Бағасы: 512 ГБ – 4 557 009 теңге. Компания тауарға 1 жыл кепіл болады.

А. Қажиев