Нейрожүйе мүмкіндігі: The Beatles әндерінің мысалында

Гарвард зерттеушілері The Beatles тобының авторы нақтыланбаған, даулы 8 әннің авторын нейрожүйе көмегімен анықтап көрді. The Beatles тобының біраз хит әндерін Джон Леннон мен Пол Маккартни жазған. Олардың бірлесіп шығарған әндері де бар. Бұл әндердің авторлығына қатысты топ әртүрлі түсінік берген. Тыңдармандар арасында "Ask Me Why", "Do You Want to Know a Secret", "A Hard Day’s Night (bridge)", "Michelle", "What goes on", "Wait", "In my life (verse)", "In my life (bridge)" әндерінің нақты авторы қалыптаспаған. Гарвард университетінің статистика дәріскері Марк Гликман командасы нейрожүйе көмегімен аталған әндердің авторын анықтап көрді. 

Ленноның 39 әні мен Маккартнидің 31 әні негізінде жасалған гистограмма

Үш жыл бойы зерттеушілер Леннон (39) мен Маккартнидің (31) 70 әні негізінде алгоритм жасады. Әндерді сіңірген жасанды интеллект 76 проценттік дәлдікпен 8 даулы әннің нақты авторын тапты. 

Нәтижесінде "Ask Me Why", "Do You Want to Know a Secret", "A Hard Day’s Night (bridge)", "In my life (verse)" әндері Джон Леннонның табиғатына жақын болса, "Michelle", "What goes on", "Wait" әндерінің авторы Маккартни болып шықты. Тек "In my life (bridge)" туындысының 57%-і Джон Леннонге, қалған 43%-і Пол Маккартниге тиесілі болды.