Ғарышты қоқыстан тазартпаса...

Ғарышты қоқыстан тазартпаса...

Қазірдің өзінде Жердің айналасында бес мың тоннадан астам ғарыш қоқысы ұшып жүр. Оған қоса жерсеріктердің саны күннен күнге арту үстінде. Жерге құлайтын ғарыш қалдықтарының басым бөлігі "қорғаныш" қабаты - атмосферада күлге айналғанымен ірілері діттеген жеріне жетуде.

Халықаралық ғарыш бекеті жылына бірнеше рет орбитадағы қалдықтардан "қашуға" мәжбүр. 2016 жылы құм қиыршығы иллюминаторда жеті миллиметрді құрайтын сызат қалдырған болатын. Ал одан үш жыл бұрын дәл осындай жағдай қайталанып, күн батареясына нұқсан келген еді.

Демек 10 сантиметрді құрайтын қалдық - ғарыш деңгейінде үлкен апат дегенді білдіреді. Өйткені қиыршықтай қоқыс сағатына 30 мың шақырым жылдамдықпен ұшады. Ал орбитаның түкпір-түкпірінде мұндай қалдықтардың мыңға жуығы бар. Арасында қиыршықтайы да, ірілеуі де кездеседі. Егер ғарышкер борттың сыртында жұмыс істеп жатқан кезінде аппараттан түскен тамшыдай ғана бояу тисе - скафандр лезде тесіліп, ғарышкердің өміріне қауіп төндіреді.

Алайда Халықаралық ғарыш бекеті орналасқан 408 шақырым биіктікте қоқыстар көп жиналмаған. Олардың басым бөлігі 35 мың шақырымдағы геостационарлық орбитаны "мекендейді".

Қалдықтар неге мұнша көп дейсіз ғой? Өйткені жерсеріктің қызметі аяқталғаннан соң ол ғарышта қала береді. Сосын өзі секілді өзге ғарыш аппараттарымен соқтығысып, жан-жаққа ұшады. Кейде жұмыс істеп тұрған аппараттарға соқтығысып қалатын жайттар кездеседі. Мысалы, 2009 жылы істен шыққан ресейлік әскери "Космос-2251" аппараты америкалық Iridium33 кемесіне соқтығысып, артынан алты жүз қалдық қалдырды.

Сонымен қатар, бөлініп кеткен үдемелі блоктарда қалған азғантай жанармай жарылып, сатыны шашыратып жібереді. Бір сөзбен айтқанда - хаос. Ғылыми тілмен айтқанда - Кесслер синдромы. Бұл NASA кеңесшісі, америкалық астрофизиктің тегі. Дональд Кесслер өткен ғасырдың 70-ші жылдары аспанға көтерілген әрбір құрылғының ғарыш қоқысына айналатынын болжаған болатын.

Жыл сайын ғарыш қоқысының құлауын жердің түкпір-түкпірінен тамашалауға болады. Мысалы, алдағы уақытта жерге планета аралық "Космос-482" станциясының құлайтыны белгілі. 1972 жылы кеңес үкіметінің Шолпанға ұшырған аппараты қажетті траекторияға шыға алмай, осы күнге дейін орбитада әрлі-берлі жүрген. Салмағы жарты тоннаны құрайтын аппарат орбитада түгел жанбайды. Жерге кем дегенде 50-60 келідей бөлігі құлайды. Ал аппаратты жақсы білетіндер оның жылу қорғанысының мығым екенін айтады.

Одан бөлек 2009 жылы ұшырылған америкалық Atlas V зымыраны құлауы мүмкін.

Болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін ғалымдар қазірдің өзінде аспанды қоқыстан тазартудың амалдарын ойластыру үстінде.

Ұсақтағыш

Көрші Ресей мемлекетінің өнертабысы. Қоқыстарды арқанмен қарғып ұстап, алдымен арнайы ұсақтағышға жіберіп, артынша ұнтақтағыш салады. Одан алынған ұнтақты оттек және сутекпен араластырып газ алады. Бұл газды ғарыш аппаратына отын ретінде қолдануға болады.

Тор немесе ау

SpaceX компаниясының RemoveDEBRIS (ағылш. "Қоқысты жина") аппараты қоқысқа сүңгімен атып, тормен орап алады. Артынша Жерге қарай тартып, атмосферада өртейді.

Қоқыстарды жинаушы алып құрылғы

Алып құрылғы қоқыстардың кинетикалық энергиясын пайдаланады. Ғарышта қоқыстардың жылдамдығы секундына 15 шақырымды құрайды. Құрылғы қоқыстарды жинап, шашырап кетпеуіне сеп болады. Бұл арқылы жасанды жер серіктеріне төнетін қауіп те азаяды. 

Лазер

Қытайдың әуе күштері Инженерлік университетінің ғалымдары ойлап тапқан. Олардың аппараттары ғарыш металлдарын секундына 20 жарқылдақ интенсивтілікті лазермен көздеп ұсақтайды, одан кейін атмосфераға түсіреді немесе геостационарлы орбитаға ұшырады. 

Магнитті сүйрегіш

Тулуза университетінің ғалымдары ұсынған. Қоқыс жинағыш аппарат арнайы магниттермен 10-15 метрден қалдықтарды қажетті жерге бағыттайды.

Ғарыштық жүк көліктері

Ғарышты қоқыстан арнайы ғарыштық жүк көліктерімен тазартуға болады. Олар қоқыс арқылы өз-өздерін қамтамасыз ете алады. Яғни қоқыстарды плазмалық отынға айналдырады. Бұларды жер серіктері үшін мобильді қуат станциялары ретінде пайдалануға да болады.

Жоғары кернеу

Бұл идеяны жапон мамандары ұсынған және оны сынақтан өткізіп те көрген. Алайда алғашқы сынақ сәтсіз болды. 2016 жылы олар "Кунотори" ("Дегелек") атты аппаратты ұшырған. Жоспар бойынша ол алдына 700 метрлік арқанды лақтырып, бойына тоқ жіберу қажет болатын. Жоғар кернеудің арқасында магнит өрісі пайда болып, қоқыстар тартылатын. Алайда белгісіз бір техникалық ақаудың салдарынан сынақ сәтсіз өтті.

Бар мәселе - ұсынылған тәсілдердің ешбірінің әлі күнге жүзеге аспауында. Егер де алдағы 30 жылда ғарышты қоқыстан тазартуды бастамасақ аспан тұрмақ, Жердің өзі қоқысқа толады. Не телесигнал, не радисигналдар қабылдамай, мобильді байланыс пен ғаламтор істен шығады.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар