Илон Маск Марсқа ұшу қанша тұратынын айтты

Илон Маск Марсқа ұшу қанша тұратынын айтты

SpaceX компаниясы басшысы Илон Масктың айтуынша, болашақта кез келген адам Марсқа саяхаттай алады. Ол үшін адамдар Жер шарындағы дүние-мүлкін сатып, Қызыл ғаламшарға көшіп өту үшін инвестиция салу керек. Осындай шешім қабылдай алатын адамдар үшін Маск бонус ретінде Жерге қайту жол ақысын мүлде тегін етпекші.

Маск твиттер әлеуметтік желісінде Ай немесе Марсқа ұшу билеті қанша тұратынын айтты. "Мен сенімді түрде айта аламын: Марсқа саяхаттау қазір әр адамға 500 мың доллар болса, болашақта ол 100 мың доллардан да аз болады", – деді. Илон Маск кезі келіп барлық адамдар Марсқа көшуді қалайтынына сенімді. 

SpaceX компаниясы басшысы мұндай қолжетімді қаражатқа саяхаттауға болатын жобаны Starship бағдарламасы арқылы жүзеге асырмақшы. Аталған бағдарлама арқылы бір уақытта жүзге жуық адам Марсқа саяхаттай алады. 

Илон Маск Қызыл ғаламшарды отарлауды армандайды. Бұл арманын 2000 жылдары SpaceX компаниясының негізін қалағанда-ақ жүзеге асыруды бастап кетті. Ол NASA ғарыш агенттігінің бұл іске селқос қарап жатқанын, 4-5 жыл арасында Марс планетасына адам жібермейтінін біліп, бұл істі өзі тәуелсіз жүзеге асыруды бастады. Оның ойынша, кезі келіп адамдар Жер шарын тастап кетеді. Сол кезде адамзаттың жаңа мекені Марс сияқты ғаламшарлар болады.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар