Light-шоу: Дрондар шеруі

Light-шоу: Дрондар шеруі
Фото: theverge.com

Электронды қондырғылар, компьютерлік компоненттер, микропроцессорлар мен чипсеттер жасайтын ірі Intel компаниясына биыл 50 жыл толды.

Компания мерейтойға арнап әуе шоуын ұйымдастырды. Әуедегі шоу деп көбі отшашуды елестетер, бірақ Intel-дің шоуы мүлде басқа – дрондар шеруі. Былтыр компания 100 дронды әуеге ұшырып, дрондар шеруін жасаған еді. Биыл соны қайталамақ болып, 50 жылдықта 500 дрон ұшырды. Жай ғана ұшырып қоймай, әр дронға light-шам орнатқан. Нәтижесінде барлығы ортақ бағдарламамен жұмыс істеп, аспанда 500 саны мен Intel компаниясының логотипін бейнеледі.

Ең көп дронды әуеге ұшырып рекорд орнатқан да осы Intel компаниясы. 2018 жылдың 15 шілдесінде компания 2000 дронды бір сәтте ұшырып, light-шоу жасап, 1374 дронды ұшырған қытайлық Xi'an City Wall компаниясының рекордын жаңартты.

Дрондардың мұндай үлкен шоу жасауы бірінші рет емес. Мысалы Dolce&Gabbana сән бренді Milan сән апталығында дрондарды модельдердің орнына қолданды. Осылайша 45 минут бойы қолсөмкелердің жаңа коллекциясын дрондар таныстырды. Ұйымдастырушылар подиумды жағалай отырған жұртқа смартфондарының Bluеtooth және Wi-Fi функцияларын өшіргізген екен. Себебі бөгде құрылғылар дрондардың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін еді. 

Massaget.kz