Apple презентациясы: жаңа MacBook Air мен Mac mini

Apple презентациясы: жаңа MacBook Air мен Mac mini
Фото: apple.com

30 қазанда Apple компаниясы Нью-Йорктағы Бруклин музыка академиясында кезекті презентациясын жасады. Тим Кук MacBook Air 2018 ноутбугын, Mac mini 2018 неттобын, iPad Pro 11 және 12,9 планшеттерін таныстырды.

MacBook Air 2018

Apple бірінші 2015 жылдан бері жаңармаған MacBook Air 2018-ді көрсетті. Ноутбук жаңа дизайнға, Retina-дисплейге ие болыпты, бірақ USB порт жоқ. Оның орнына технологтар екі Thunderbolt 3 (USB-C) мен 3,5 мм құлаққап жалғағыштарды орнатқан.

Ноутбук "көбелек" механизмі бар 3-ші буындағы пернетақтаға ие. Жоғарғы оң жақ бөлігіндегі қосу батырмасына Touch ID орнатылған.

Apple 13,3 дюйм диаметрлі лэптоп көлемін сақтаған, десе де ноутбук бұрынғыдан 17% жұқа, 10%  жеңіл, оның салмағы енді – 1,25 килограмм. Ал Retina-дисплейі 48%-ға жарқын.

MacBook Air 2018-ге 8-ші буындағы Intel Core i5 процессоры орнатылған. Жедел жады – 8/16 GB. М.2 форматындағы ішкі жинақтағыш 1,5 TB-қа ұлғайған. Сондай-ақ ноутбукқа Touch ID жұмысын реттеп, медиафайлдарды кодтайтын, мәліметтерді шифрлайтын Apple T2 чибі орнатылған.

MacBook-тың қуат үнемдейтін қабілеті бұрынғыдай, бір қуаттау циклі бір күнге толық жетеді. MacBook Air 2018 $1199 бағада 7 қарашадан бастап сатыла бастайды.

Mac mini 2018

Apple Mac mini неттобын 2014 жылдан бері жаңартпаған. Жаңа модель техникалық жағынан барынша жетілдіріліп, жаңа қара корпусқа ие болған. Mac mini корпусының 100%-ы қайта өңделген алюминий мен 60%-ы өңделген пластиктен жасалған екен.

Неттопта 4,6 ядролы Intel 8 процессоры орнатылған. Intel UHD Graphics 630 графикалық ядросы бұрынғыдан 60%-ға қуаттырақ. Жедел жад көлемін 32 және 64 GB-қа (SO-DIMM 2666 ГГц DDR4) дейін ұлғайтқан. Ішкі жинақтағыш ретінде тек SSD пайдаланылады, десе де оның сыйымдылығы 2 TB-қа дейін барады.

Mac mini-де мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Apple T2 Security Chip орнатылған. Одан бөлек файлдарды қауіпсіз жүктейтін және шифрланған мәліметтерді сақтайтын Secure Enclave модулі бар.

Жедел жады 8 GB, SSD 128 GB болатын Mac mini АҚШ-та $799 бағада келесі аптадан баста сатыла бастайды.

iPad Pro 11 және 12,9

Презентация соңында 11 және 12,9 дюйм дисплейлі екі iPad Pro таныстырылды.  Планшеттер жиегі бұрынғыдан жұқа, бір қарағанда MacBook дисплейін еске салады. Қалыңдығы да оптимал – 5,9 мм. Ал дисплей анықтығы – 2388х1688 пиксель, Liquid Retina (iPhone Xr-дағыдай).

iPad Pro тек Face ID арқылы жұмыс істемек. Байқауымызша Apple саусақ ізі сканерінен біртіндеп құтылып жатыр. Мысалы 12 қыркүйекте жарыққа шыққан iPhone XS, XS Max, Xr смартфондарында да тек Face ID бар. iPad сурет пен видеоға аз түсіретініне қарамастан өндірушілер планшеттер камерасын 12 MP-ге ұлғайтып, 4К форматын қосып қойыпты. Жаңа планшеттерге 7-нанометрлі процессор A12X Bionic орнатылған. Флэш-жады – 1 ТВ. A12X чибі 7 ядролы, ол алдыңғы А11Х-тен екі есе жылдам екен.

iPad Pro Lightning орнына USB-C порты қолданылады. Оның көмегімен дисплейдегі кескінді теледидар мен мониторға шығаруға болады.

iPad Pro-мен бірге жаңа Apple Pencil қаламы да шығады. Ол планшет жақтауына магнитпен жабысып, қуатталады.

Massaget.kz