Балаңызды ғаламтордың кері әсерінен қорғай біліңіз

Балаңызды ғаламтордың кері әсерінен қорғай біліңіз
Фото: http://detivinternet.blogspot.com

Алдағы уақытта адамзаттың қас жауы сырттан емес, қайта өзі ойлап тапқан жаңалықтары мен өздері зерттеп отырған техникадан келуі мүмкін. Бұл әрине, техникаға қарсымын дегендік емес. Тек бәрі де сана-сезімнің жойылуына байланысты. Атом, улы газ, жарылғыш заттар, тіпті, компьютердің өзі... Осының бәрі де адам баласының санасын тежеуде. Бүкіл жер шарының тағдырын бір-ақ сәтте шешіп кететін ядролық қарулар қазір жер бетінде жоқ емес. Жарайды. Бұл ғалымдардың бас қатырар шаруасы ғой. Біз тек қарапайым компьютер қолданушыларын алайықшы.

Сіз Алматыда күн сайын көбейіп келе жатқан ғаламтор орталықтарына, ойын клубтарына барып көрдіңіз бе?! Кілең азамат жасына толмаған, таңдайынан сүттің дәмі кетпеген сәбилер аузынан адам айтқысыз боқтық сөзді мың құбылтып сілтеп, қайдағы атыс-шабыс ойын түрлерінің түбін түсіріп отырады. Біздегі ең басты қателік бала тәрбиесінен басталып еді. Ғаламтор мен компьютердің тәрбиесі сіздің айтқан ақылыңыздан әлденеше есе жоғары болып тұр. Сәбилер қазір сол дүниеден үйрене бастады. Ғаламтор болашақ қазақ баласын тәбиелеу үстінде.

Айтпағымыз ғаламторды мүлде қолданба, одан аулақ бол дегендік емес. Бізге қазір ең маңызды – тәрбие, болашақ ұрпаққа, бүгінгі сәбилерге ғаламторды қалай қолдану, қаншалықты қолдану керектігі туралы білім беру. 

Көптеген елдерде азамат жасына толмағандардың ғаламторды қолдануы, ғаламтор кулбтарына баруы туралы заңдар жүзеге асып үлгерді. Оларда қазір әрбір адам, соның ішінде ғаламтор клубын ашып отырғандар да бала тәрбиесіне көңіл бөледі. Қытайда ғаламтор клубтарында азамат жасына толмағандардың кіруін шектеу тым қатаң түрде жүзеге асады.  Ал жапондар бұған жиырма жыл бұрын-ақ қатты көңіл бөле бастаған. Сондықтан да оларда ұрпақ тәрбиесі тым жүйелі түрде жүргізіледі.

Ал біз ше? Балаларымыздың ғаламтор клубтарында түні бойы «қырылысып» отыратынынан хабардармыз ба?!

Компьютер мен ғаламторға байланысты небір сұмдық хабарларды байқайсың. Стратегиялық компьютер ойындары қазір ауруға айналып үлгерді. Жақында ғана бір хабардан екі жас жұбай (қай ел екенін ұмытып тұрмын) стратегиялық ғаламтор ойынына құнығып, екі айдан асқан сәбилерін аштан өлтіріп алғандығы, ал күйеуінің мәңгілік сал аурыуына шалдыққаны жайлы естіп едім. Азия елдерінде мұндай оқиғалар күн сайын орын алуда. Тайландтық азамат 24 сағат бойы тоқтаусыз компьютер ойынын ойнағандықтан үстелге басын сүйеген күйі мәңгілік ұйқыға кеткен. Ал қытайлық екі азамат екі тәулік бойына ойын ойнағандықтан, бірі жүйке жүйенің салдануына душар болған да, екіншісі орнынан тұрып аз кем уақыттан соң, оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ұйқысыздықтан, жүйке-жүйеге қысым түсуден қаза болған осындай типтегі хабарлар күн санап көбейіп келеді.

“Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады” деген аталы сөз бар қазақта. Олардың сөйлеу мәнеріндегі тәрбиесіздіктің негізі ата-анасында жатыр. Ненің жаман, ненің жақсы екендігі туралы сезіндіру, ескертіп отыру қажет. 

Ал компьютер мен ғаламтор – дәл қазіргі кезеңдегі бала тәрбиесі үшін аса маңызды мәселенің бірі. Келешек қазақ елінің тізгінін ұстар азматтардың сау денелі, сапалы, тәрбиелі болуы сіздің қолыңызда екенін естен шығармаңыз.

А. Қажиев