Адамзат тарихындағы ең берік материал жасап шығарылды

Адамзат тарихындағы ең берік материал жасап шығарылды
Фото: 360tv.ru

Ұлттық Сандий зертханасының ғалымдары (АҚШ) адамзат тарихындағы ең берік материалды жасап шығарды. Ғалымдардың жұмысы Advanced Materials журналында жарияланды. 

Мамандар бұл материалды жер шарында сирек кездесетін металлдар – алтын мен платинаның қосындысынан өндіріп отыр. Қосындының 90 пайызы платина, 10 пайызы алтыннан тұрады. 

Өндірушілердің айтуынша, бұл материалдың төзімділігі сонша, одан дайындалған көлік дөңгелегімен 40075 шақырым тұратын жерді 500 рет айналып шығуға болады екен.

Зерттеушілер ерекше материалдың қасиеттерін атомдық дәрежеде зерттеген. Олардың мәліметінше, тәжірибе кезінде металл сыртында қара қабық пайда болған. Ол – алмаз тектес көміртегі болып шыққан. Бір уақытта графит сынды жұмсақ, гауһар сияқты қатты болатын жаңа материалды ғалымдар жоғары бағалап отыр. 

Сарапшылар бұл материалды электронды құрылғыларда кеңінен пайдалануды жоспарлап отыр. Егер жаңа материалмен смартфонның көп пайдаланылатын түймесінің беткі қабатын қаптап шықса, оның қызмет ету сапасы артады. Бұл өнімді кеңінен қолдану арқылы өндіріс саласында 100 миллион долларға дейін қаржы үнемдеуге болады.

Т. Раушанұлы