- Негізгі бет
- Техно
- Сатушысы жоқ дүкен...
Сатушысы жоқ дүкен
Технология қарыштап дамып, адамның қиялы қанаттанып, алысты жақындатып, жоқты бар қылып жатқалы бері таңғаларлық дүние аз. Соның бір айқын көрінісі мұхиттың арғы жағында болып жатқан өзгерістер жайлы. The New York Times басылымының хабарлауы бойынша АҚШ-тың Сиэтл қаласында «Amazon Go» атты түгелдей автоматтандырылған дүкен ашылды. Бір айта кетерлігі, бұл ғимаратта бір де бір сатушы, тіпті касса аппараттары жоқ.
Дүкенге кірер алдында тұтынушы Amazon бағдарламасын ұялы телефонға жүктеп, турникеттегі QR-кодты телефон арқылы сканерден өткізеді. Осы әрекеттен кейін ғана дүкен есіктері ашылып, тұтынушы ішке кіре алады.
Ғимараттың жалпы аумағы – 167 шаршы метр. Бұл дүкенде көбіне азық-түлік өнімдері сатылады. Сонымен қатар, тұтынушыларға супермаркеттегідей кәрзеңкелер мен кішкентай арбалар ұсынылмайды. Сатып алушы қалаған затын бірден сөмкесіне сала беруге құқығы бар. Бұл сауда орнына орнатылған жаңа жүйе бойынша тұтынушы заттарының жалпы бағасын шыға беріске келгенде бірақ біледі. Ол арнайы шығарылған чекте көрсетілген соманы карта арқылы төлейді. Төлем қабылданғаннан кейін бұл қаржы автоматты түрде Амазонның қорына құйылады.
Әрбір тауарды пайдаланушыны ғимарат керегелеріне, ғимараттың ең биік аумағына орналастырылған бейнекамералар бақылап отырады.
Жоғарыда айтқандай, «Аmazon Go» дүкенінде бір де бір сатушы жоқ. Тек, ас дайындайтын аспаздар мен техникалық мамандар, тұтынушылардың кейбір түсінбеген сұрақтарына жауап беретін менеджерлер ғана келушілерге қызмет көрсетеді. Бірақ, алкогольді ішімдік тұратын сөрелерді қадағалап отыратын арнайы мамандар бар. Олар ішімдік алғысы келген әр адамның жеке құжатын тексеріп, ереженің қатаң сақталуын қадағалайды.
Бұл ақылды дүкен идеясының алғашқы нұсқасы 2016 жылдың желтоқсанында жарық көрді. Бұл сынақ алғашында тек компания қызметкерлерінің арасында жүргізіліпті. Бұл жүйені нарыққа енгізу үшін осы идея мамандары 4 жыл еңбектенді. Алғашқы нұсқаларда жүйе құрылымында көптеген қателіктер орын алды. Атап айтар болсақ, егер тұтынушы саны 20 адамнан асып кеткен жағдайда бағдарлама істен шығып қала берген екен.
А. Қажиев