Желтоқсан айы жайлы деректер

Желтоқсан айы жайлы деректер
Фото: google.com

Оқушылар мен студенттер асыға күтетін мезгіл – наурыз, мамыр және желтоқсан айы. Айтулы даталарға, мерекелерге толы бұл айлар жұмыстан қажығандарды ауылымен қауыштырып, студенттерді шалғайдағы ата-аналарына асықтыратын, адамды еріксіз күттіретін ай.

Желтоқсан жыл мезгілінің соңғы, қыстың алғашқы айы. Он екінші реттіліктегі бұл ай кірісімен қаламызға жапалақтап қар да жауып үлгерді. Қыстың хабарын әкелген желтоқсан ашушаң, қатал адамның бейнесін елестетеді. Ол өзге он бірден осы салмақтылығымен ерекшеленеді. Себебі, қазаққа Тәуелсіздікті әперген дәл осы желтоқсан.

Бұл айдың атауы түркі сөздерінің бірігуінен пайда болған. «Жел» және «тоқсан» сөзінің мағынасы 3 ай жел, боран деген мағынаны білдіреді. Қыстың алғашқы айы ретінде түріктер желтоқсанды «жел айы», «тоқсан айы» деп те атаған.

Желтоқсанды «мандарин айы» деп атаушылар да көптеп кездеседі. Жаңа жыл мерекесінде әр дастарханнан орын алатын сары жемістің атауын айдың атымен алмастыруға да болатын сияқты. Дәл осы айда әлемнің көптеген еліне Марокко мемлекетінен соңғы піскен мандариннің жаңа партиясы жөнелтіледі. Бағасы да арзан, дәмі де ерекше бұл жемістің адам денсаулығына пайдасы көп. Бірақ, бұл жемісті мөлшерден тыс тұтыну асқазанға кері әсерін тигізуі мүмкін.

Осыдан 5 жыл бұрын жер ғаламшарының тұрғындары базарларда майшам қалдырмай дүрліккені де бар. Жиырма бірі күні ақырзаман болады деп халық шулаған кезең 2012 жылдың желтоқсаны еді.

Ол жылдағы желтоқсан түк емес-ау, 86-ның желтоқсанының қасында. Қазақ халқының басына түскен қайғылы кезеңнің бірі болған бұл оқиғаға бүгінде 31 жыл толса да, ызғырығы әлі де сезіледі. Қазақ қыздарын шаштан сүйретіп, жігіттерін тепкіге салған кезеңде желтоқсанның желі де қатты болды. «Қаңғып келген шүрегей, көлге пана болмайды» деп қазақты басқаратын қазақстандық болуын талап еткен жастардың көз-жасын сол желтоқсанның желі мұз қылып қатырды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, желтоқсанның маңызды күндері ешқашан ұмытылмақ емес.

А. Қажиев