- Негізгі бет
- Техно
- Телеграмның жарыққа шығуына...
Телеграмның жарыққа шығуына түрткі болған оқиға
Әлеуметтік желі деген ұғым ғаламтор парақшаларына ең алғашқы рет 1995 жылы енгізілді. Classmates.com деген атаумен ең бірінші сыныптастар желісі жарыққа шықты. Осы сайттың артын ала Facebook, MySpace сайттары да ғаламның ғаламтор тұтынушыларын қуантты.
Сарапшылардың айтуынша, әлеуметтік желінің ең тиімді тұсы адамдар арасындағы байланысты нығайтады. Сонымен қатар, хат алмасу барысында тек мәтін емес, сурет, ән, бейне жазбаларды қолданудағы қолжетімділік.
Біздің елдің қарапайым ортасы үшін ең алғашқы әлеуметтік желі «агент» екені айтпаса да белгілі. Бұл желінің атауын естісе, талай ғаламтор тұтынушысының жас күніндегі шақтары есіне түсіп кететін шығар. Ол жайлы талай естеліктер, бүгінде әр ортада әзіл боп айтылып та жүр. «Блогқа жаза бермеңдерші деген сөйлемдерді жиі айтқызғандар, бүгінде блогерге айналды» дейді кейбіреулер әңгімесін әзілмен әрлеп. Әлеуметтік желінің еліміздегі ең алғашқы түрі ретінде танымал болған агенттен кейін, дәл сондай қолданыста болған Вконтакте, Facebook, Twitter, Whatsapp сияқы желілер. Әрқайсының өзіндік ерекшеліктері мен артықшылығы бар бұл сайттар өз тұтынушыларын жаңа функциялармен қуантып жүр.
Вконтакте желісін ойлап тауып, жарыққа шығарған Павел Дуров 2011 жылы жаңа идеяны жүзеге асыру үшін қызу жұмысқа кірісіп кетті. Бұл жұмыстың жемісі ретінде 2013 жылы «Telegram» дүниеге келді. Осы жылдың 14 тамызында IOS операциялық жүйесінің қолданушысы бұл желінің алғашқы тұтынушысы атанды.
Телеграмдағы барлық хабарламалар мұқамдалғандықтан, ондағы хаттарды жіберуші мен қабылдаушыдан өзге ешкім көре алмайды. Павелдің бұл бағдарламаны осындай функцияға негіздеуіне өзінің өміріндегі келеңсіз бір оқиға себеп болған. 2011 жылы оның үйіне қарулы топ басып кіреді. Бұл топтың құрығына түспеген Павел ағасына осы жағдай жайлы хабарлағысы келеді. Бірақ, телефоннан шыққан толқын арқылы өзінің ізіне түсетінін білгендіктен, бұл қадамға бармайды. Дәл осы кезде, қауіпсіз байланысуға мүмкіндік беретін қосымша ойлап табуды көздейді.
Телеграмда ешқандай лайк қою, комментарий жазу деген заманауи үрдістер жоқ. Бұндағы барлық процес қауіпсіз, жасырын және тегін жүргізіледі. Басқа желілерде топтарға тіркелсеңіз, бұл жақтағы ережерге сәйкес боттардың қызметіне жүгінесіз. 2015 жылдың 2 қаңтарында жүйеге алғашқы стикерлер енгізілді. Олардың саны алғашқыда 14 болса, қазір күн өткен сайын еселеніп жатыр. Себебі, стикерді әрбір телеграм қолданушысы өзі жасап, оны тарата алады. Олардың барлығы тегін. Осы стикерлердің қатарына 2015 жылы igraphic.kz дизайн-бюросының атсалысуымен қазақстандық өнер жұлдыздары мен спортшыларының суреттері қосылды.
Павел Дуровтың айтуынша, бұл желіге күніне 600 мың адам қосылады. Жастардың белсенділігімен жақсарып жатқан Телеграмда Массагет жастар порталының да арнасы бар екенін естеріңізге саламыз. Сайт жұмысын ілгерілетіп, оқырмандарға ақпарат алудың жаңа жүйесін ұсынған Массагеттің Телеграмдағы сілтемесі мынадай: https://t.me/massaget_kz. Арнаға қосылу үшін компьютерде «Telegram Desktop», ал телефон арқылы оның операциялық жүйесіне қарай "appstore", "play market"-тен Телеграм қосымшасын орнатсаңыз болады.
А. Қажиев