- Негізгі бет
- Техно
- Құлаққа тақпай-ақ ән...
Құлаққа тақпай-ақ ән тыңдауға арналған құлаққап
Sony компаниясының Future Labs атты жаңа бөлімшесі ашылды. Оның негізгі мақсаты жаңа инновациялық гаджеттерді өңдеп, оларды көпшілік қолданушыға ыңғайлы етіп, қоғаммен тікелей байланыста болу.
Жаңа бөлімшенің көрсеткен алғашқы жобасы Concept N құлақаспабы болды. Мұндай құлаққапты адам мойнына тағады, ол аудиосигналды тікелей құлаққа жібереді. Одан басқа ешкім ол дыбысты естімейді, ал құлақ ештеңемен жабылмайды.
Bluetooth-құлаққап қолданушының құлағына салынбай-ақ дыбыс шығаратын ерекше динамикамен жабдықталған. Бұл гаджетті Sony компаниясы жылдар бойы өзгеріссіз келе жатқан құлаққап құрылымын өзгертудегі батыл әрекетіне санасақ та болады. Мұндай гаджетті жасауда жапон инженерлерінің негізгі мақсатының бірі − адам ән тыңдағанда қоршаған ортадағы дыбысты да естуі. Мысалы, велосипедші ән тыңдап келе жатып, артынан көліктің жақындап қалғанын ести алатындай мүмкіндігі болады.
Concept N жинағында іші қуыс болып келген арнайы құлақ тығыны бар. Ол айналаңызда не болып жатқанын естуге мүмкіндік береді. Егер құлақаспаптың қарапайым түріне үйреніп қалған болсаңыз, осы арнайы қосымшаны қолдануға болады. Concept N құлаққабында дауыстап басқаруға арналған микрофон және фотокамера орнатылған. Гаджет «Arc» кодтық сөзімен басқарылады. Гаджетті қолданған адамдар айтуынша, ол дыбысты таза әрі сапалы шығарады және оны жаныңдағы адамдар естімейді.
Гаджеттің сатылымға қашан шығатыны әлі белгісіз. Бұл әзірге құрылғының прототипі ғана. Осы жобаға ұқсайтын LG компаниясының Tone Infinim атты өнімі бар. Бірақ онда құлаққаптың сымдық байланысы бар.
А. Жапатова