Тамаққа тұзды көп қолданатыныңызды көрсететін 6 белгі

Тамаққа тұзды көп қолданатыныңызды көрсететін 6 белгі
Фото: pixabay.com

Тұз - барлық асүйде болатын өнім. Бірақ оны көп жеу және одан мүлдем бас тарту ағзада түрлі проблемалардың дамуына әкелуі мүмкін. Тұзды көп жейтініңізді зертханалық анализдер нәтижесінен ғана емес, ағзадағы белгілерден де анықтауға болады.

Ісіну

Тұзды көп жеу тіндерде сұйықтықтың тұрып қалуына әкеледі, ал ол ісіну түрінде пайда болады. Жиі тобық, саусақтар, бет және көздің асты іседі. Алайда ісіну тұзды артық жеудің белгісі ғана емес. Ол ағзаға ақуыз жетіспесе және басқа да проблемалар кезінде пайда болуы мүмкін.

Бүйректердің ауыруы

Тұзды тағамды көп жеу несеп-тас ауруының және басқа да бүйрек ауруларының дамуына әкелуі мүмкін. Егер рационыңызда тұзды, қақталған және маринадталған тағамдар көп болса, тамақтануыңызға түзетулер енгізген жөн. Әйтпесе, зәрде тұзды кристалдар пайда болуы, зат алмасу жүйесі жұмысы нашарлауы және қышқылды-сілтілік тепе-теңдіктің бұзылуы мүмкін.

Ауыздың құрғауы және шөлдеу

Бұл белгілер де тұзды көп жейтініңізді білдіруі мүмкін. Қандағы натрийдің жоғары деңгейін теңелту үшін дене суды жасушалардан сорып алады. Нәтижесінде, шөлдей бересіз және аузыңыз құрғай бастайды. Егер бір стақан су ішсеңіз де, аузыңыздың құрғауы кетпесе, су-тұзды тепе-теңдіктің бұзылуымен байланысты проблема болуы мүмкін. Үнемі шөлдей беру сондай-ақ қант диабеті, анемия, Кушинг синдромы секілді аурулардың да белгісі бола алады.

Дәретханаға жиі бару

Шөлдей бергесін суды көп ішесіз. Сәйкесінше, несеп шығу жиілігі артады. Тіндерде көп натрий жиналып қалған кезде бүйректер ағзадағы химиялық элементтің қалдықтарын барынша жылдам шығаруға тырысады. Бүйректерге артық күш түсу денсаулыққа зиянын тигізеді.

Іштің кебуі

Тұз ішектерде қайта өңделмеген тамақ бөліктерінің жиналуына ықпал етеді. Оны артық жеу іш кебуіне және асқазан-ішек жолдары жұмысының проблемасына әкелуі мүмкін. Жиналып қалған тамақ бөліктері уақыт өте шіріп, газ көпіршіктерін түзеді. Бұл проблеманы жеңу үшін тұз мөлшерін азайтып, аз-аздан, бірақ жиі тамақтану керек.

Тамақтың тұзсыз көрінуі

Тамақтың дәмін көрмей жатып, тұз салғыңыз келіп тұрса немесе тұзды бірдеңе қосып жегіңіз келе берсе, өзіңізді тұзға үйретіп алғаныңызды көрсетеді. Мұндай тәуелділікпен күресу бастапқыда қиын болады. Зияны аз дәмдеуіштерді қолданып, тұзды барынша азайтуға тырысыңыз. Уақыт өте көкөністер мен басқа өнімдердің негізгі дәмін сезуге тұз кедергі келтіргенін түсінесіз.

Оқи отырыңыз: Адамға күніне қанша тұз қажет?

А. Жапатова