Адамға күніне қанша тұз қажет?

Адамға күніне қанша тұз қажет?
Фото: unsplash.com

Тамақтану үлесінде тұздың мөлшері өте көп болуы ағзаға айтарлықтай кері әсерін тигізіп, нәтижесінде түрлі ауруға шалдықтырады. Әлем бойынша әр бесінші адам жүйесіз тамақтанудан қайтыс болады екен. Оған тұзды өте көп мөлшерде қолдану да жатады. Тұзға деген тәуелділіктен қалай арыламыз?

Тұз тілдегі дәм сезу рецепторларына ықпал ететіндіктен, тамақ дәмдірек көрінеді. Уақыт өте келе тұз олардың сезімталдығын бәсеңдетіп, ағза тағы да көбірек "дәм күшейткішті" қажет етеді. Осылай тұзға деген тәуелділік басталады: қажетті мөлшерден 10 есе артық тұз жейтін де адамдар бар.

Тұздың құрамында натрий бар. Ол жасушалар жаңаруына қатысады, ас қорытуды реттейді және басқа да маңызды функцияларды атқарады. Натрий жемістерде, көкөністерде және етте де болады, бірақ олар тәуліктік қажеттілікті толтыра алмайды. Ғалымдардың зерттеуінше, күні бойы құрамында натрий элементі бар жемістер мен көкөністер жегеннің өзінде ағза бұл элементтің тек 1 грамын ғана алады екен. Сондықтан тұздан мүлдем бас тартуға да болмайды.

Ағзаға күніне 2 г натрий қажет. Натрийдің бұл мөлшері 5 г асқа салатын тұзда, яғни 1 шай қасық тұзда болады.

Тұздың қандай түрі (теңіз, тас, гималай) болмасын құрамы бойынша бір-бірінен аса ерекшелене қоймайды: олардың барлығы 40% натрийдан және 60% хлордан тұрады. Сондықтан тұздың қай түрі болса да, оны аз мөлшерде қолданған жөн.

Тұздың артық тұтынылуы мынадай ауруларға әкелуі мүмкін:

- Қан ұйығыштығы және тромб түзілуі;
- Жүрек-қан тамырлары аурулары;
- Буын мәселелері;
- Ісінулер;
- Жоғары қан қысымы (гипертония);
- Инсульт;
- Бүйрек пен бауыр аурулары.

Тұз мөлшерін азайтудың әдістері:

- Тамақты қуырмаңыз, сол кезде азық-түліктегі табиғи тұз дәмі жақсы сақталады;
- Дастархандағы тұзды шөптер мен дәмдеуіштер қоспасына (сапалы түрін таңдаңыз) ауыстырыңыз;
- Тамақты үйде пісіріп ішуге тырысыңыз. Мамандардың айтуынша, мейрамхана тамағында тұз мөлшері көбірек болады;
- Өнімнің заттаңбасына мән беріңіз. Өнімнің құрамы жазылған жолда бастапқыда тұрған ингредиенттердің мөлшері көп дегенді білдіреді. Сондықтан қандай да бір өнімнің құрамы деген жерде тұздың соңғы жағында тұрғандығын тексеріп алыңыз;
- Тұздықтардан (кетчуп, қыша, ащы дәмқосар) бас тартыңыз.  Маринадталған қиярды да көп жемеген жөн. Егер оны қатты ұнатсаңыз, құтыдағы қиярдың суын төгіп, маринадталған қиярларды салқын сумен бір шайып алыңыз;
- Тамақты қосымша тұздаудың қажеті жоқ. Тамақ пісіру кезінде қосқан тұзыңыз жеткілікті.
- Тұзды өлшеуіш қасықпен алыңыз. Сол кезде оны қанша қолданып жатқаныңызды біліп, оны азайтуға мүмкіндік болады.

Тұзға шектеу қойғаннан кейін 1 айдан соң тамақтың шын дәмін сезіне бастайсыз: дәм сезу рецепторларыңыз қалпына келеді, сондықтан тұзға деген қажеттілік өз-өзімен жоғала бастайды.

А. Жапатова