Танымал әнші Әділет Жауғашар жуырда жарық көрген әніне қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бірнеше күннен бері әншінің "Сүй, иә" атты өлеңі қызу талқыланып жатыр. Бұған ән мәтініндегі "Сұлудың "жоқ" дегені "иә" деген сөздер себеп болған.
"Өнердің қоғамға ықпалы бар. Сондықтан қыздың "жоқ" дегені "иә" дегені деген ойды насихаттау жауапсыздық деп ойлаймын. Келісім әрқашан анық болуы керек", "Сұлудың "жоқ" дегені жоқ", "Кез келген адам "жоқ" десе, демек ол "жоқ" дегенді білдіреді", "Бұл ән "жоқ" дегенді "иә" деп қабылдауды насихаттайды", - деді желі қолданушылары.
Өнер иесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан мәселені көргенін жеткізді.
"Сүй, иә" атты әнді жазар кезде Әзілхан Нұршайықов атамыздың сөзіне сүйене отырып жаздық. Бірақ Әзілхан Нұршайықов атамыз өмір сүріп кеткен қоғам мен біз өмір сүріп жатқан қоғам екі түрлі екенін аңғармаппыз. Көптің көңіліне тиіп кетеді деп ойлаған жоқпыз. Бірақ зорлық-зомбылыққа мен де қарсы адамдардың бірімін. Бұл ән ұнамай жатса, екінші орындамаймын деп шештім", - деді әнші.
Айта кетейік, кейбір желі қолданушылары ән мәтініндегі осы бір жолды Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісімен байланыстырған.
Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы қыз көз жұмды. Бұған дейін өткен сотта прокурор қызға 35 рет пышақ сұғылғанын мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!