Головкин чемпиондық атағын сәтті қорғап, рекорд орнатты

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Головкин чемпиондық атағын сәтті қорғап, рекорд орнатты
Фото ©️ DAZN

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин поляк Камил Шереметаны нокаутпен жеңіп, IBF және IBO чемпиондық белбеуін сәтті қорғады.

БӨЛІСУ

Холливудта өткен бокс кешінің басты жекпе-жегі 12 раундқа жоспарланған еді. Қазақстандық боксшы шаршы алаңдағы шайқасты 7 раундпен аяқтады. Қарсыласы жұдырықтасу үшін 8 раундқа шықпады.

Бірінші раундты Гена бақылаумен бастап, соңын нокдаунмен аяқтады. Қазақстандық боксшының дөп тиген жойқын соққысынан кейін Камил Шеремета бір жүрелеп тұрды.

Екінші раундта да қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға түсірді. Төреші 10-ға дейін санағанша, есін жинап үлгерді. GGG үшінші раундты да сәтті өткізіп, шаршы алаңда шеберлігін көрсетті.

Төртінші раундта Камил Шеремета кезекті рет нокдаун алды. Ал Гена болса қарсыласынан әлдеқайда мықты екенін мойындатып үлгерді.

Кейінгі раундтарда да қазақстандық боксшы басым екенін байқатты. Жетінші раундта Шеремета төртінші рет нокдаун алды. Нәтижесінде поляк боксшысының тарабы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. GGG техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Геннадий Головкин 21-ші рет чемпиондық атағын сәтті қорғап, әйгілі Бернард Хопкинстің рекордын жаңартты. Америкалық боксшы өз рекордын 1995-2005 жылдары орнатса, Гена бұл межені одан 2 жыл ерте (2010-2018) бағындырып шыққан еді.

Айта кетейік, Холливудтағы бокс кешінде қазақстандық Али Ахмедов те шаршы алаңға шыққан болатын. Эквадорлық боксшы Карлос Гонгорадан жеңіліп, чемпиондық атаққа қол жеткізе алмады.