Али Ахмедов 12-ші раундта нокаутпен жеңілді

Али Ахмедов 12-ші раундта нокаутпен жеңілді
Фото: twitter.com/MatchroomBoxing

Екінші орта салмақта (76,203 кг) жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Али Ахмедов IBO (Халықаралық бокс ұйымы) чемпиондық белбеуін иелене алмады. Холливудта (АҚШ, Флорида штаты) өтіп жатқан бокс кешінде отандасымыз эквадорлық боксшы Карлос Гонгорадан жеңілді.

Али бірінші раундта қарсыласын бақылап жұдырықтасты. Ал екінші раундты ширақ бастап, қарсыласын бірден қыспаққа алды. Жылдам соққы жасап, жекпе-жекті ерте аяқтауға асыққандай болды. Карлос Гонгора қорғана түсіп, реті келгенде Алиді қапсыра құшақтаумен болды.

Үшінші және төртінші раундтарда да Али Ахмедовтің айқын басымдылығы байқалды. Бірақ эквадорлық боксшы да біртіндеп шаршы алаңдағы белсенділігін арттыра бастады. Бесінші раундтан бастап шабуылда жұдырықтасуға ұмтыла түсті. Одан кейінгі раундтарда екі боксшы да аянып қалмады. Реті келгенде көбірек соққы жасап қалуға тырысты.

Жетінші раундта Алидің оң бетінен жарақат алғаны байқалды. Карлос Гонгораның қарқыны үдеп, дәл соққыларымен көзге түсе бастады. Әсіресе тоғызыншы раундта эквадорлық боксшының шабуылда мысы басым болды.

Соңғы раундтарда боксшылардың шаршағаны анық байқалды. Дегенмен Карлос Гонгора  12 раундта бар күшін жиып, жойқын соққыларын дарыта білді. Алдымен нокдаун, одан кейін Алиді нокаутқа түсірді. Нәтижесінде IBO чемпионы атанды.

Жекпе-жек соңынан Карлос Гонгора: "Қарсыласым осал емес екен. Жас та болса барын салды. Тіпті, екінші раундтан кейін ұтыламын деп те ойладым. Бірақ соңына дейін жұдырықтасуға бел будым. Соның арқасында жеңіске жеттім", - деді. 

Қазақстандық боксшы 12-ші раундта нокаутқа түспегенде, жеңіске жетуі бек мүмкін еді. Себебі төрешілер бағалауы бойынша Али Ахмедов алда болған.

Али Ахмедов осыған дейін кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген еді. 16 жекпе-жегінде жеңіске жеткен. Алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Эквадорлық боксшы да кәсіпқой бокста ұтылып көрмеген. 19-шы жеңісіне қол жеткізді.

Холливудтағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде отандасымыз Геннадий Головкин поляк боксшысы Камил Шереметаны жеңіп, рекорд орнатты

Н. Үсенова