Қазақстанда UFC турнирі өтеді

Әлемдегі ең танымал жекпе-жек ұйымы UFC (Ultimate Fighting Championship) Қазақстанда да турнир өткізеді. Жалғас Жұмағұлов, Шавкат Рахмонов және Дамир Исмагуловтың менеджері Саят Абдрахманов өзінің Instagram парақшасында осыған саятын жазба қалдырды.

Оның парақшасындағы мәліметке сүйенсек, UFC Fight Night турнирі 13 маусымда өтуі ықтимал екен. Осыған дейін бұл ұйыммен келісімге келген қазақстандық спортшылар қатары артқан еді. Алғаш болып Шавкат Рахмонов келісімге қол қойса, одан кейін Жалғас Жұмағұлов бұл жолды жалғады. Алдағы уақытта тағы бір қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Сергей Морозов та осы ұйым аясындағы турнирлерде бақ сынап қалуы бек мүмкін.

UFC (Ultimate Fighting Championship) –  аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді әрі танымал спорттық ұйым. Бас кеңсесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез-келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарналар арқылы миллиондаған жанкүйер жинайтын ауқымды шараға айналған. Кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтады.