Феномен. Месси - "Алтын доптың" алты дүркін иегері

Феномен. Месси - "Алтын доптың" алты дүркін иегері
Фото: Teller Report

Парижде футболдан 2019 жылғы "Алтын доп" иегерін марапаттау рәсімі өтті. Биыл бұл атақты Аргентин құрамасы мен каталониялық "Барселонаның" шабуылшысы Лионель Месси иеленді.

France Football журналы табыстайтын мәртебелі сыйлық иегері әлем елдері тілшілерінің дауыс беруі бойынша анықталған. Ең көп дауысқа ие болған Лео Месси мансабында алтыншы рет бұл жетістік шыңын бағындырып, рекордты жаңартты.

Дауыс беру нәтижесі бойынша екінші орынға Вирджил Ван Дейк тұрақтаған. Криштиану Роналду болса үздік үштікті қорытындылады.

Бір айта кетерлігі, марапаттау шарасына Португалия құрамасы мен "Ювентус" командасының ойыншысы Криштиану Роналду келген жоқ. Роналду осыған дейін "Алтын допты" 2008, 2013, 2014, 2016, 2017 жылдары иеленді. Ал Месси (2009, 2010, 2011, 2012, 2015) бес рет жеңіп алған жалғыз ойыншы болып келген еді.

"Алтын допты" 2008 жылдан бері Месси, не Роналду еншілеп келген еді. Өткен жылы бұл атақ араға 10 жыл сала өзге ойыншыға, нақтырақ айтқанда Лука Модричке бұйырған еді.

Айта кетейік, "France Football" журналы 2016 жылдан бастап Халықаралық футбол қауымдастықтары одағымен (ФИФА) келісімін үзген болатын. Нәтижесінде басылым "Алтын доп" иегерін өздері анықтаса, ФИФА "The best" сыйлығын табыстауды қолға алған еді. Биыл бұл екі марапатты да Лионель Месси иеленді.

 
А. Рысдәулет