2018 жылғы "Алтын допты" "Реал" ойыншысы алды

2018 жылғы "Алтын допты" "Реал" ойыншысы алды

Парижде футболдан 2018 жылғы "Алтын доп" иегерін марапаттау рәсімі өтті. Биыл бұл атақты Хорватия құрамасы мен мадридтік "Реалдың" жартылай қорғаушысы Лука Модрич иеленді.

France Football журналы табыстайтын мәртебелі сыйлық иегері әлем елдері тілшілерінің дауыс беруі бойынша анықталған. Ең көп дауысқа ие болған Лука Модрич өз мансабында алғаш рет бұл жетістік шыңын бағындырды. Себебі "Алтын доп" жекелей ойыншыға берілетін ең мәртебелі марапат.

Дауыс беру нәтижесі бойынша екінші орынға Криштиану Роналду тұрақтаған. Антуан Гризманн үздік үштікке енген. Килиан Мбаппе - төртінші, Лионель Месси бесінші орыннан көрінді.

"Алтын допты" 2008 жылдан бері Месси, не Роналду еншілеп келген еді. Биыл бұл атақ араға 10 жыл сала өзге ойыншыға бұйырды. Модрич - Хорватия елі тарихында "Алтын доп" алған тұңғыш футболшы атанды.

France Football басылымы биыл алғаш рет жас ойыншыларға берілетін Копа Трофи марапатын да табыстады. Оны француз футболшысы Килиан Мбаппе жеңіп алды. Бұл атақ даңқты француз ойыншысы, 1958 жылғы "Алтын доп" иегері Раймон Коптың құрметіне аталған.

Қыздар арасында 2018 жылдың ең үздік футболшысы марапатына норвег Ада Хегерберг ие болды. Ол 2018 жылы "Лион" командасымен бірге әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасын жеңіп алды.

Айта кетейік, "France Football" журналы 2016 жылдан бастап Халықаралық футбол қауымдастықтары одағымен (ФИФА) келісімін үзген болатын. Нәтижесінде басылым "Алтын доп" иегерін өздері анықтаса, ФИФА "The best" сыйлығын табыстауды қолға алған еді. Биыл бұл екі марапатты да Лука Модрич иеленді.




ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Marhaba Sabi - Marsqa
NINETY ONE - QIYALMAN