Месси "Барселона" сапындағы 600-голын соқты

Месси "Барселона" сапындағы 600-голын соқты
Фото: fcbarcelona.com

Әйгілі аргентиналық футболшы Лионель Месси "Барселона" футбол клубы сапындағы 600-голын соқты. Тарихи голын түнде "Ливерпульге" қарсы өткен ойында өз еншісіне жазды.

Чемпиондар лигасы жартылай финалындағы бірінші ойында "Барселона" "Ливерпульді" ойсырата ұтты. "Камп Ноуда" 3:0 есебімен жеңіске жетіп, финалға жақындай түсті. Ал команда капитаны Лионель Месси дубль (екі гол соқты) жасады.

Ойында есепті 26 минутта Луис Суарес ашты. Месси болса екі голын да екінші таймда соқты. 75 минутта ашық қақпаға допты тоғытып үлгерсе, 82 минутта футболшы айып соққысын асқан шеберлікпен орындап, нәтижені еселеді.


Аргентиналық футболшы 600 голды 683 ойында соғып шықты. Ең алғашқы голын 14 жыл бұрын (дәл 1 мамырда, 2005 ж) "Альбасете" командасы қақпасына соққан.

Осы маусым да Месси үшін сәтті өтті. 46 ойынға қатысып, 48 гол соғып үлгерді. 22 нәтижелі пас берген. Испания примерасы мен Чемпиондар лигасында үздік сұрмергендер көшін бастап келеді.

Мессидің "Барселона" сапындағы 600 голы:

112: Чемпиондар лигасында - 112;
УЕФА Суперкубогында - 3;
Клубтар арасындағы әлем чемпионатында - 5;
Испания чемпионатында - 417;
Испания кубогында - 50;
Испания Суперкубогында - 13;

Лионель Месси Еуропадағы ең үздік бес чемпионат ішінде бір команда сапында ең көп гол соққан футболшы. Ол өткен жылы әйгілі Герд Мюллердің рекордын басып озған болатын. 

"Ливерпуль" мен "Барселона" арасындағы қарымта ойын 7 мамырдан 8 мамырға қараған түні өтеді. Екінші жартылай финалдағы бірінші ойында "Аякс" "Тоттенхэмді" ұтты.

Айта кетейік, 2018/2019 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының финалын Мадридтегі "Метрополитано" стадионы қабылдайды.

Ө. Сансызбай