Чемпиондар лигасы. Месси – жартылай финалда, Роналду – out

Чемпиондар лигасы. Месси – жартылай финалда, Роналду – out
Фото: Sporting News

Футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан екі команда белгілі болды. Оның бірі – "Барселона", екіншісі – "Аякс".

"Барселона" (Испания) – "Манчестер Юнайтед" (Англия) 3:0

Каталондық клуб жеребе тартылғанда-ақ фаворит саналған. "Олд Траффордта" өткен бірінші ойында Лионель Месси бастаған футболшылар шалыс басқан жоқ. "Қызыл сойқандарды" 1:0 есебімен ұтып қайтты. Ал бүгін өткен қарымта ойында бет қаратпады.

"Камп Ноуда" алаң иелері айқын жеңіске жетті. "Манчестер Юнайтед" ойынды ширақ бастағанмен, Месси соққан екі гол Уле Гуннар-Сульшер шәкірттерінің мысын басты. Бірінші голда аргентиналық сұрмерген допты алыс қашықтықтан тура бағыттаса, екінші голда Давид де Хеа қателесті. Жер бауырлап келген доп танымал қақпашының қолынан сусып өте шықты.

Ойындағы үшінші голды 61 минутта Филиппе Коутиньо соқты. Одан кейінгі уақыт аралығында есеп өзгерген жоқ. Қос ойын қорытындысы бойынша өз қақпаларына бірде-бір гол өткізбеген "Барселона" 1/2 финалға шықты.


Каталондық клуб жартылай финалда "Порту" және "Ливерпуль" клубтарының ұтқанымен кездеседі. Бұл екі команда арасындағы бірінші ойында ағылшындық клуб 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Қарымта ойын 18 сәуір күні түнгі сағат 01:00-де өтеді.

"Ювентус" (Италия) – "Аякс" (Нидерланд) 1:2

Футбол жанкүйерлері күтпеген нәтиже Туринде тіркелді. "Ювентус" өз алаңында Амстердамның "Аякс" клубына есе жіберіп, жартылай финал жолдамасынан қағылды.

Нидерланд жерінде өткен бірінші ойында командалар 1:1 есебімен аяқталған. Қарымта ойында "Аякстың" асығы алшысынан түсті. Жеңіске лайықты ойын өрнегін көрсетті.

Ойында бірінші болып Криштиану Роналду гол соқты. Бұл гол алаң иелеріне сенімділік сыйлағандай көрінген. Бірақ осы голдан кейін амстердамдық команданың шабуылы артты. Тіпті таразы басын жылдам теңестіріп үлгерді. Донни ван де Бек өз мүмкіндігін ұтымды пайдаланды.

Екінші таймда "Аякстың" шабуылы үдеді. Войцех Щенсный бастапқыда бірнеше рет қақпасын голдан құтқарып қалды. Алайда 67 минутта Маттейс де Лигттің баспен бағыттаған добын қайтарып үлгермеді. Бұл гол – туриндік команда ойынын тоқыратты.

Ойындағы есеп сақталып, қос ойын қорытындысы бойынша "Аякс" жартылай финалға шықты. Бұл кезеңде ағылшындық "Манчестер Сити" мен "Тоттенхэм" командалары арасындағы ойынның жеңімпазымен кездеседі. Алғашқы ойында лондондық клуб 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Ө. Сансызбай