Қазақстандық Шавкат Рахмонов М-1 Global чемпиондық белбеуін жеңіп алды

Қазақстандық Шавкат Рахмонов М-1 Global чемпиондық белбеуін жеңіп алды

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақта М-1 Global чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Отандасымыз Алматыда өткен M-1 Challenge 101 турнирінің басты жекпе-жегінде ресейлік Данила Приказаны ұтты.

Шавкат Рахмонов қарсыласын екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Нәтижесінде өзінің 11-ші жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Осыған дейін барлық кездесулерінде қарсыластарын айқын ұтып келген отандасымыз чемпиондық белбеуді иеленді.

Қазақстандық спортшы осы чемпиондық жекпе-жек үшін UFC ұсынысынан да бас тартқан болатын. 

"Халық Аренада" болған турнир қазақстандық спортшылар үшін сәтті өтті. Жеңілірек салмақта Абылайхан Қадыржан Грузиядан келген Бен Адамнан басым болды. Асу Алмабаев француз Пьер Людені екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңді. Жеңіл салмақта Азамат Бақытов ресейлік Борис Медведевті төрешілер шешімі бойынша ұтты.

Негізгі кардта жекпе-жекке шыққан Арман Әшімов та қазақ жанкүйерлерін айрықша қуантты. Ол Бразилиядан келген спортшы Кайка Аленкарды айқын басымдықпен ұтты. Қазақстандық спортшы мансабындағы 10-шы жеңісіне қол жеткізді. Ал бразилиялық спортшы алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Марсель – Жан ана
Бүгін үш ойын өтеді