Қазақстандық спортшы UFC ұсынысынан бас тартқан

Қазақстандық спортшы UFC ұсынысынан бас тартқан
Фото: Vesti.kz

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат "Номад" Рахмонов әлемдік UFC ұйымы ұсынысынан бас тартты, - деп хабарлайды BE STRONG PROMOTION компаниясының баспасөз қызметі.

- UFC-ге шығар күн де алыс емес. Жуырда ғана бұл ұйым Шавкатқа 4 жекпе-жек бойынша ұсыныс жасады. Алғашқы кездесуін 20 сәуір күні Санкт-Петербургте өткізуі керек болған, - дейді компанияның вице-президенті Асылбек Дүйсенов.

Октагонда қарсыласына есе жіберіп көрмеген қазақстандық спортшы бұл ұсыныстан бас тартқан. Себебі отандасымызды M-1 Global чемпиондық белбеуіне таласатын шайқасы күтіп тұрды.

- Команда үшін, Шавкат үшін бір шешім қабылдау қиын болды. BE STRONG PROMOTION президенті Анатолий Ким және Баян Жанғаловпен ақылдастық. Нәтижесінде Шавкат чемпиондық белбеу үшін шайқасқа шығу жайлы шешім қабылдады. Тағы бірнеше себептері де болды.

Біріншіден, бастаған істі соңына дейін жеткізген жақсы. Біздің мақсат - Қазақстаннан шыққан тұңғыш М-1 Global чемпионы атану еді. Мұндай мүмкіндіктен бас тарту - құрметке лайық іс емес. Ал Шавкат осы жетістік жолында барын салды. Ұлттық құрама сапындағы ең жас спортшы болып, әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанды.

Екіншіден, Шавкат чемпиондық атақ жолында көп тер төкті. Соған лайықты жекпе-жегіне де қол жеткізді. Бәрі осы кездесуді күтіп отыр. Жанкүйерлер мен турнир ұйымдастырушыларын алдауға болмайды.

Үшіншіден, Шавкат М-1 Global чемпиондық белбеуін еншілейтін болса келісімшарт бойынша ол кем дегенде бір рет қорғауы тиіс. Осыдан кейін барып UFC биігін бағындыруға болады. Біз әлемдік промоушнде бақ сынау үшін ғана емес, тарихында қалғымыз келеді, - дейді Асылбек Дүйсенов.

Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуге 30 наурыз күні таласады. "Номадтың" қарсыласы - ресейлік Данила Приказа. Жекпе-жек кеші Алматыдағы "Халық Арена" кешенінде өтеді.

Айта кетейік, осыған дейін UFC турнирлерінде қазақстандық бірде-бір спортшы бақ сынамаған.

Ө. Сансызбай