Хабиб Нурмагомедов Қарағандыдағы балалар үйіне келіп кетті

Хабиб Нурмагомедов Қарағандыдағы балалар үйіне келіп кетті
Фото: instagram.com

Ережесіз жекпе-жектен жеңіл салмақта UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов Қарағанды қаласындағы "Таңшолпан" балалар үйіне келіп кетті, - деп хабарлайды Vesti.kz сайты.

Ресейлік спортшының бұл сапары құпия өткендей. Себебі жанкүйерлер түгіл, БАҚ өкілдері де Хабибтің Қарағандыға келетінін алдын ала хабарлаған жоқ.

Қаңтар айының басында Нурмагомедов Instagram желісінде бірнеше жанкүйерлерінің өтініш тілектерін орындауға уәде берген еді. Олардың қатарында 26 жастағы қарағандылық Александр Корогодов өзі көмек көрсететін балалар үйіне шақырған болатын. Оның өтінішін UFC чемпионы орындауға уәде берген-ді.

- Хабиб бізде қонақта болды. Бұл - әзіл емес. Чемпионның өзі келіп, біздің балаларды қуантты. Ол өз сөзінде тұра білді. Бұл кездесуді ұйымдастырған Саша Корогодовқа алғысымызды айтамыз. Бұл керемет болды, - деп жазды "Таңшолпан" балалар үйінің instagram желісіндегі парақшасы.

Айта кетейік, Хабиб Нурмагомедов өткен жылдың қазан айында ирландиялық Конор МакГрегорды жеңіп, чемпиондық атағын сәтті қорғаған болатын.

Ресейлік спортшы Қазақстанға алғаш рет келген жоқ. 2015 жылы Алматыда шеберлік сабағын өткізген.

Ө. Сансызбай