Қазақстандық шорт-трекші әлем кубогында күміс медаль еншіледі

Қазақстандық шорт-трекші әлем кубогында күміс медаль еншіледі
Фото: olympic.kz

Қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжғалиев Канаданың Калгари қаласында өткен әлем кубогының бірінші кезеңінде күміс жүлдегер атанды, - деп хабарлайды ҚР ҰОК.

500 метрлік сайыста Абзал екінші нәтиже көрсетті. Аталған қашықтықты 40, 136 секундта конькимен жүгіріп өтті. Олимпиада чемпионы қытайлық У Дазцинді ғана алға жіберіп алды. Оның уақыт көрсеткіші 39,915 секунд болды. Үздік үштікті мажар елінің спортшысы Шандор Лю түйіндеді.

Абзал Әжғалиев күміс жүлдегер атанып қана қоймай, 500 метрде қазақстандық спортшылар арасында рекорд та жасады.

- Жаңа маусым сәтті басталды. Бірінші күні жартылай финалға дейін жеткеніммен, жүлде бұйырмады. Жарыстың соңғы күні финалға дейін жетіп, күміс еншіледім. Финалда үш Олимпиада чемпионымен бірге жарыстым. Маусым енді ғана басталды. Жарқын жеңістерімізбен әлі талай қуантамыз деп сенемін, - деді Абзал Әжғалиев.

26 жастағы қазақстандық шорт-трекші 2014 және 2018 жылдары өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. 2016 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өткен әлем кубогы кезеңінде 500 метрлік жарыста алтын алған.

1000 метрлік қашықтықта Еркебұлан Шамұханов финалға шыққан еді. Алайда қорытынды жарыс кезінде отандасымыз 5-орынға ие болды.

Әлем кубогы бес кезеңнен тұрады. Екінші кезең 9-11 қарашада Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ), ал үшінші кезең 7-9 желтоқсан аралығында Алматыда өтеді.

Ө. Сансызбай